Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қарағанды облысында мүгедек балаларға, ардагерлерге көмек, қоныс аудару мәселесі қалай шешілуде

2022 жылдың 30 қаңтар 2022 13:07

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында қанша оңалту орталығы жұмыс істейді және мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан қандай қолдау шаралары көрсетіліп отыр. Бұл туралы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысында мүмкіндігі шектеулі 67 319 адам тұрады, оның ішінде 18 жасқа дейінгі балалар – 5 367. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова балалар қандай әлеуметтік қолдау алатынын, оңалту құралдарымен және қызметтермен қаншалықты қамтамасыз етілгенін айтып берді.

- Әсем Айтжанқызы, биыл Балқашта балаларға арналған оңалту орталығы ашылады. Сол туралы айтып берсеңіз.

- Бұл тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған 50 орындық оңалту орталығы болады. Қазір ауданы 1 200 шаршы метр екі қабатты ғимаратта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Онда пациенттер алты айға дейін оңалтудан өте алады. Орталық жазда ашылады.

Әлеуметтік қорғау желісі бойынша бұл облыстағы балаларға арналған алғашқы мемлекеттік мекеме. Бізде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша қызмет көрсететін осындай жеке орталықтар бар.

Сондай-ақ, өткен жылы Майқұдықтағы Қарағанды облысының балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жанындағы бассейннің құрылысы бойынша инвестициялық жобаны ұсындық. Бұл қолданыстағы ғимаратқа қосымша болады. Қазір жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда.

- Біздің облыста мүгедектігі бар адамдарға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіледі?

- Жеке оңалту бағдарламасы бойынша біз жыл сайын мүмкіндігі шектеулі адамдарды оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етеміз. Өткен жылы оларға барлығы 32 646 құралдар, атап айтқанда, протездік-ортопедиялық, сурдо - және тифлотехникалық құралдар берілді. Сондай-ақ, кресло-арбалармен және шипажай-курорттық емдеумен қамтамасыз етеміз. Сонымен қатар, бұл тізімге міндетті гигиеналық құралдар, жеке көмекші, ымдау тілі мамандары және инватакси кіреді.

Өткен жылы 547 қымбат ноутбук пен 125 оқу машинасына қаражат бөлінді. Сөйлеу синтезі бар ноутбуктер бар. Бұрын біз мүгедектігі бар адамдардың осы техникаға деген қажеттілігін қанағаттандыра алмадық.

Сондай-ақ, шипажайлық-курорттық емделуге 5 140 адам жіберілді. Осы жерде айта кеткім келеді, облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің тапсырмасы бойынша өткен жылдан бастап біз бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар мен мүмкіндігі шектеулі балаларды шипажайларға дейін алып жүрушілерге жолақы төлейміз.

- Биыл Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен мүгедектері және оларға теңестірілген облыс тұрғындары үшін қандай әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған?

- Осы жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтерге сәйкес, өңірде Екінші дүниежүзілік соғысының 34 қатысушысы мен мүгедегі, сондай-ақ жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша оларға теңестірілген 8 877 адам тұрады. Жеңіс күніне орай қатысушылар мен мүгедектерге әрқайсысына миллион теңгеден төленетін болады. Оларға теңестірілгендерге – 100 мың теңгеден беріледі. Тыл еңбеккерлеріне – 30 мың теңгеден. Ауған соғысына және Чернобыль оқиғаларына тиісті күндері қатысушыларға – 150 мың теңгеден төленеді.

- Қоныс аударудың келесідей – өңіраралық еңбек ұтқырлығы (Оңтүстік – Солтүстік) секілді мемлекеттік бағдарламасы бар. Ол кімге бағытталған және қоныс аударғысы келетіндер үшін қандай жағдайлар жасалады?

- Қоныс аудару бағдарламасы «Қуатты өңірлер-ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бойынша 2025 жылға дейін іске асырылуда. Жезқазған, Ұлытау және Нұра аудандарының жұмыс берушілері еліміздің оңтүстік өңірлерінің тұрғындарын жұмысқа орналастыруға ниет білдірді. Жақын арада біз еліміздің оңтүстігіндегі бос орындар жәрмеңкесіне қатысып, қоныс аудару үшін үміткерлерді іріктейтін боламыз. Биыл барлығы 153 адамды жұмысқа қабылдау жоспарлануда.

Қоныс аударушыларға отағасына және оның әрбір мүшесіне бір уақытта 200 мың теңгеден (70 АЕК) сәл артық ақша төленеді. Сондай-ақ, бір жыл ішінде тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеу шығындары өтелетін болады. Қажет болған жағдайда қоныс аударушылар оқуға, жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге және кәсіпкерлік бастамашылыққа жолдама алады. Сонымен қатар, жұмыс берушілер 450 АЕК көлемінде субсидия алады.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының алдында көптеген міндеттер тұр. Осылайша, биыл 41 мың адамды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу шараларымен қамту, 7,4 мың тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда.


Жоғары қарай