Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 375.87
EUR 406.24
RUB 5.84
CNY 53.45

Қарағанды облысында жедел жәрдем жаңа жүйе бойынша жұмыс істейтін болады

2019 жылдың 25 шілде 2019 21:12

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облыстық жедел жәрдем стансасындағы фельдшерлерге 100 планшет сатып алынды. Бұл құралдар қолданыстағы АДАЖ жүйесіне (автоматтандырылған диспетчерлік ақпараттық жүйе) біріктірілген. Аталмыш гаджеттер, мамандардың айтуынша, шұғыл шақыртуларға жету уақытын 30%-ға қысқартуға көмектеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пилоттық жобаға Қарағанды, Жезқазған, Сәтпаев және Балқаш қалалары қатысады. Планшеттермен жұмыс жүргізуді өңірде бір ай бұрын сынақтан өткізе бастады. Осы уақыт аралығында жедел жәрдем бригадасының жұмысы шынымен де жылдамдай бастаған.

«Біз уақытты айтарлықтай үнемдейміз. Диспетчер жүйеге шақыртуды енгізеді, ол аталмыш мекенжайға қай бригада жақын тұрғанын өзі анықтайды. Дәрігердің планшетіне барлық қажетті ақпараттар түседі, ол тіпті диспетчермен болған аудиохабарламаны да тыңдай алады», - дейді облыстық жедел медициналық жәрдем стансасының директоры Зүлфикар Әбілқасымов.




Шақырту картасы да бұдан былай электрондық форматта рәсімделеді. Оған дәрігер науқасқа берген дәрі-дәрмектер мен жасалған манипуляциялары туралы ақпаратты енгізеді. Егер науқасты ауруханаға жатқызу қажет болса, онда бұл мәліметтер емдеу мекемесі науқасты қабылдауға дайын болу үшін қажетті аурухананың қабылдау бөліміне жіберіледі.

Планшеттер облыстың ірі қалаларында пайдаланылады, себебі автоматтандырылған жүйенің толыққанды жұмыс істеуі үшін тұрақты интернет қажет. Бірақ болашақта жоба аудандар мен ауылдық округтерде де жүзеге асырылады деп жоспарлануда.




Жедел медициналық жәрдем стансасындағы тағы бір жаңалық - реанимобильдердің түсі. Станция директоры Зүлфикар Әбілқасымовтың айтуынша, арнайы автокөліктер халықаралық стандарттарға сәйкес ашық-сары түске боялған.




«Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, арнайы автокөліктер жолдарда ашық-сары түсте болса, көзге бірден түседі. Біздің жүргізушілеріміз оларға жиі жол бере бастағанын байқаймыз. Бұл, әрине, жұмыс сапасын жақсартады және жету уақытын тездетеді», - деді жедел жәрдем станциясының жетекшісі.

Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасы бойынша облысымыздағы жедел медициналық жәрдем станциясы автопаркінің арнайы машиналарының 90%-ға жуығы қайта боялды.




Қарағанды облысында 130 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Оның 8-і Жезқазғанда, 7-і Сәтпаев қаласында, 7-і Балқашта, 13-і Теміртауда. Сонымен қатар әрбір ауданда бір-бірден жедел жәрдем бригадалары қызмет етеді.





Жыл сайын облыста дәрігерлер 600 мыңнан астам шақыруларға шығады. Ай сайын өңірдің 60 000 тұрғынына жедел медициналық көмек көрсетіледі. Күн сайын диспетчерлік пультке 170-тен астам қоңырау келіп түседі. Қоңыраулар 4 санат бойынша бөлінеді.

ЖМК бригадасының пациенттің тұрған жеріне келген уақыты ЖМК диспетчерінен шақырту алған сәттен бастап:

1 санат жеделділік-10 минутқа дейін;

2 жеделділік санаты-он бес минутқа дейін;

3 жеделділік санаты-отыз минутқа дейін;

4 жеделділік санаты-алпыс минутқа дейін.


Жоғары қарай