Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағанды облысының бірқатар аудандарында астық жинау аяқталды

2020 жылдың 21 қыркүйек 2020 12:16

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында қыркүйек айының соңына таман егін жинау жұмыстарын аяқтау көзделіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кейбір астық егетін аудандар жұмыстарын аяқтады. Жаз айларының құрғақ болғанына қарамастан, жалпы астық жинау және орташа өнімділік өткен жылмен салыстырғанда жоғары, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күзгі дала жұмыстарының барысы туралы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов онлайн режиміндегі аппараттық кеңесте баяндады.

«Бүгінде астық алқаптарының 86,6% жиналды. Орташа өнімділік бір гектардан 10,1 центнерден болса, 781,2 мың тонна астық, оның ішінде 567,2 мың тонна бидай бастырылды. Жаңаарқа және Шет аудандарында егін ору аяқталды. Нұра ауданының ірі астық өндіруші кәсіпорындары барлық астықты жинап алды», - деп хабарлады спикер.

Оның айтуынша, кейбір шаруашылықтарда орташа өнімділік гектарына 15 центнерден айналды.

Егін жинауға 2 345 комбайн, 60 картоп жинайтын комбайн, 300 орақ және 72 картоп қазғыш жұмылдырылды.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етілді. Өсімдік өсірушілер субсидия алады. Жеңілдетілген несие «ҚазАгро» АҚ қаржы институттары арқылы беріледі.

Облыстың тұрақтандыру қорына белгіленген бағамен картоп пен көкөністі жаңа өніммен жеткізу туралы келісімге қол жеткізілді. Қорларға 3 443 тонна картоп, 559 тонна сәбіз және 228 тонна қырыққабат жіберу жоспарлануда.

Маусымаралық кезеңде бағаның күрт көтерілуіне жол бермеу үшін жергілікті өнімдер әлеуметтік павильондар мен супермаркеттерге жеткізілетін болады.

Сондай-ақ, нан бағасын тұрақтандыру мақсатында 36,3 мың тонна көлемінде астықтың резервтік қорын қалыптастыру жоспарлануда.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек тұрақтандыру қорын қалыптастыру жөнінде тапсырма берді.


Жоғары қарай