Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 445.84
EUR 490.47
RUB 5.73
CNY 62.87

Қарағанды облысының құтқарушылары екі адамды құтқарды

2020 жылдың 6 қаңтар 2020 20:14

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының құтқарушылары шалғай ауданнан ауыр науқас әйелді ауруханаға жеткізді. Сондай-ақ құтқарушылар далада адасып қалған ер адамды тауып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

4 қаңтар күні Сәтпаев қаласының құтқару қызметіне жедел медициналық жәрдем бригадасының қар құрсауынан шақырылған жерге дейін жете алмай тұрғаны туралы хабар келіп түскен. Шампай ауылының 71 жасар тұрғынына шұғыл көмек қажет болған. Олар арнайы «Трэкол» техникасымен Шампай ауылына фельдшерлерді жеткізді. Олар әйелді тексеріп болғаннан кейін оны ауруханаға жатқызу керектігі белгілі болды. Науқас шұғыл Сәтпаев қаласына жеткізілді.

Тағы бір құтқару операциясы Ұлытау ауданында жүргізілді.

5 қаңтарда Қаракеңгір ауылдық округі Қыпшақбай қыстағының жергілікті тұрғынының жоғалып кеткені туралы хабар түскен.

Сол күні ер адам атпен мал қарауға кетіп, үйіне оралмаған. Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге арнайы техника мен құтқарушылар, әкімдік қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар тартылды.

Жоғалған адам 13:30-да өз қыстағынан 20 шақырым жерден табылды. Оған медициналық көмектің қажеті болмады. Ер адамның тұманнан бағдарын жоғалтып алып, үйіне уақытылы жете алмағаны анықталды.

Құтқарушылар қысқы уақыттағы қауіп туралы ескертеді. Олар метеожағдай нашарлап кеткен уақытта алысқа жолға шығудан бас тарту керектігін айтуда.


Жоғары қарай