Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қарағанды содырлар қолынан қаза тапқан тағы бір сарбазды соңғы сапарға шығарып салды

2022 жылдың 11 қаңтар 2022 18:21

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қаза тапқан тағы бір қарағандылық сарбазды туған-туыстары ақтық сапарға шығарып салды. Антына адал 28 жастағы капитан 7 қаңтарда азаматтық борышын өтеу барысында қыршынынан қиылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеше шахандықтар әскери қызметкер Әділ Нүркеновті ақтық сапарға шығарып салды. Небәрі 28 жастағы капитан Талдықорғандағы талқандауды көздеген бүлікшілерге тойтарыс беру кезінде көз жұмған болатын.

Марқұмның соңында бір қызы мен жұбайы қалды.

Бейбітшілік пен тұрақтылықтың, отан алдындағы ерлік жолында жанын пида еткен жауынгердің ерлігі мәңгілік ел жадында қала бермек.

Жаңа жыл мерекесіне орай Талдықорғанға арнайы барған Әділ Нүркеновтің ата-анасы ұлдарын алтыншы қаңтарда соңғы рет көрген.

Жетінші қаңтарда кезекті жұмысқа шыққан әскери қызметкер әріптесімен көлікте отырғанда лаңкестер оқ жаудырған.

Жаңбырша жауған оқтың бірі Әділ Нүркеновтің бүйрегіне тиген.




«Қабырғамызды қайыстырған қайғылы хабарды естігеннен бері әке-шешесі естерін жия алмай отыр. Бейбіт күнде осындай жағдайдың болғаны жанымызға батады. Артында қалған жанұясының күні не болады? Халыққа қорған болам деген мақсатының соңы осылай аяқталғаны жаныңды ауыртпай қоймайды. Сенбеске, көнбеске амалымыз жоқ», - дейді марқұм Ә.Нүркеновтің туысы Алмагүл Имашева.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің кіші жедел уәкілі қызметін атқарған марқұм Әділ Нұркеновке Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі берілді.

Мемлекет басшысы тапсырмасына орай, марқұмды жерлеу мен несиесі болса толықтай кешіру, қолдау көрсету секілді міндеттерді әкімдік өз мойынына алған.

Облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов аймақ басшысы атынан көңіл айту хатын жолдады.

ҚМДБ бастамасымен Жалпыұлттық аза тұту күніне орай еліміздің барлық мешіттерінде бір мезетте Қасиетті Құран оқылып, хатым дұғасы бағышталды.

Осы орайда, «Әнет баба» мешітінде де марқұмдардың рухына дұға жасалды. 600 беттен тұратын құран кітап толық оқылды.

«Осы бір күндерде біраз бауырларымыз бақилыққа аттанды. Марқұм жандарға құран хатым оқылды. Еліміздің амандығы, бейбітшілігі жолында марқұм болғандарға жалпыұлттық аза тұту күні арнайы оқылып отыр», - деді облыстың бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа.








Жоғары қарай