Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағандыда 43 шақырым сумен жабдықтау желісі ауыстырылады

2021 жылдың 29 мамыр 2021 14:35

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - «Қарағанды Су» компаниясы биыл қаладағы 43 шақырым су құбыры желісін жаңғыртуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, осы жазда Қарағанды аулаларында 100-ден астам балалар мен спорт алаңдары пайда болады. Әлеуметтік маңызы бар нысандарда қаланы аралау кезінде облыс әкімі Жеңіс Қасымбек болып қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысы Пришахтинск тұрғындарын тіршілік нәрімен қамтамасыз ететін су құбыры желілерін ауыстыру жұмыстарының барысымен танысты. Олардың жалпы ұзындығы шамамен 29 шақырым. 21-ші, 22-ші және 23-ші шағын аудандар, Тихоновка және Жаңа Тихоновка, көлік цехы мен Фин кентінің тұтынушылары жаңартылған сумен жабдықтауға қосылады.

«Құрылыс өткен жылы басталып, «Нұрлы жер» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Жобаның жалпы сомасы 2 млрд теңгеден асады. Қазір біз кестеден оздық. Жұмыстарды 2021 жылы аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз», – деп хабарлады «Қарағанды Су» ЖШС Бас директоры Данияр Исаев.




Айта кету керек, мұндағы желілер 100% тозған. Жұмыстар аяқталған кезде қызметтердің сапасы артады, қысым жақсарады және желілердегі су шығыны азаяды. Пришахтинскідегі су құбырларын ауыстыру жалғасады.

Әлиханов көшесіне келетін болсақ, мұнда сумен жабдықтау жүйелерінің монтажын биылғы жылы аяқтау көзделіп отыр. Данияр Исаевтың айтуынша, 4 шақырым желіні ауыстыру ғана қалды. Бүгінгі таңда Қарағандыда сумен жабдықтау және кәріз құбырларының 60% жөндеуді талап етеді. Олар бойынша инвестициялық бағдарламалар бар.




Сондай-ақ, облыс әкімі Пришахтинскідегі аулалар мен гүлзарларды абаттандыру жұмыстарын бағалады. Методическая көшесінде гүлзарлар ретке келтірілді. Мұнда жарықтандыру тіректері, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылып, төсемдер салынды. Сондай-ақ, Металлистов көшесінің аулаларының бірі жаңартылды. Жаңа асфальт төселіп, жарықтандыру тіректері, қоқыс жәшіктері, орындықтар, балалар ойын және спорт алаңдары орнатылды.




2021 жылы Октябрь ауданының 55 ауласы абаттандырылады. Сондай-ақ, 11 футбол алаңына да ақша бөлінген. Қазыбек би атындағы ауданның жас тұрғындарын 54 аулада орнатылатын балалар және спорт кешендерімен қуантпақ. Сонымен қатар, жеті футбол алаңы орналастырылады.




Одан әрі Жеңіс Қасымбек Пришахтинскідегі Atlant жаңа спорт кешенін аралап көрді. Құрылыс салушы жеке компания – «Наши KZ» ЖШС. Спорт ғимаратында бассейн, топтық сабақтарға арналған үш үлкен зал, күрес және бокс залдары бар. Оған балалар мен ересектер қатысады.

Қаланы аралау қорытындысы бойынша Жеңіс Қасымбек облыс орталығының су құбыры желілерін ауыстыру жұмыстарын бақылауда ұстауды және аулаларды абаттандырумен айналысатын ұйымдарды мұқият қадағалауды тапсырды.














Жоғары қарай