Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағандыда қай ұжымдар түгел екпе алып, ұжымдық иммунитет қалыптастырды

2021 жылдың 30 шілде 2021 18:33

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында COVID-19-ға қарсы ұжымдық иммунитет қалыптасқан салалар аталды. Бұл - денсаулық сақтау және күш құрылымдары, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте екпе науқанының барысы туралы айтылды.

Облыста 30 шілдедегі жағдай бойынша коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның бірінші компонентін 380 793 адам алды. Толығымен екі компонентпен 255 934 адам егілді.

Халықты вакциналау жалғасуда. Қалалар мен аудандарда өткізу қабілеті тәулігіне 8 мыңнан астам адамды құрайтын 115 екпе кабинеті жұмыс істейді.

Мобильді медициналық бригадалар кәсіпорындар мен ұйымдарға барады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаевтың айтуынша, вакцина жеткілікті. Бүгінгі таңда өңірде үш препарат бар - «Спутник V», QazVac және CoronaVac.

«Бүгінде вакцинация бойынша көш басында бізде күш құрылымдары тұр – 100%. Медицина қызметкерлерінің арасында вакцинация 97% құрайды. Облыста өнеркәсіптік кәсіпорындар бар, онда қызметкерлердің 95%-ы КВИ-ға қарсы екпе жасады», - деп хабарлады Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Төлегенова.

Ол вакцинациядан өткендер арасында КВИ-мен ауыратындардың саны туралы сұраққа жауап берді.

«Жалпы облыс бойынша коронавирустың 55 864 жағдайы тіркелді. Бүгінгі таңда вакцинацияланғандардың ішінен 206 адам ауырып қалды. Оның 73% тек бірінші компонентті салдырған. Қалғанында екінші компонентті алғаннан кейін екі аптадан аз уақыт өтті, яғни иммунитеттің қалыптасуына уақыт болмады. Бірінші болып вакцинациядан медицина қызметкерлері өткенін атап өткім келеді. Өткен жылды ұмытпаған жөн - КВИ-мен көптеген дәрігерлер ауырды, қазір барлық медицина қызметкерлері сапта. Егер КВИ ауруының оқшауланған жағдайлары болса, онда бұл - медициналық қарсы көрсетілімге байланысты вакцина алмағандар», – деді Бибігүл Төлегенова.


Жоғары қарай