Ауа райы
Астана -12 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағандыда қолжетімді тұрғын үй құрылысы бойынша жаңа жоба жүзеге асырылуда

2020 жылдың 19 қараша 2020 14:40

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қарағандыда Оңтүстік-Шығыстағы тұрғын үйлердің құрылысы дами түседі. Келесі жылы 30-шағын ауданда жаңа көпқабатты үйлердің құрылысын бастау жоспарлануда. Тұрғын үй кезекте тұрғандар мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына арналған. Бұл жобаны іске асыру шамамен 1 100 отбасын пәтерлермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Жаңа жобаны жүзеге асыру бойынша үшжақты меморандумға облыс әкімдігінде өткен кездесуде қол қойылды. Келісім жергілікті биліктің, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» және құрылыс салушы компанияның өзара міндеттемелерін қарастырады.

- Бұл қарағандылықтар үшін өте маңызды жоба. Оны іске асыру облыс орталығының тұрғындары үшін тұрғын үй мәселесін шешуді жеделдетуге мүмкіндік береді. Біз өзімізге міндеттемелер аламыз және оларды орындаймыз. Ол міндеттемелерге жер телімін беру және инфрақұрылым жүргізу жатады, - деп атап өтті облыс басшысы Жеңіс Қасымбек.




Қарағанды әкімі Ермағанбет Бөлекпаев 30-шы шағын аудандағы жаңа тұрғын үй құрылысының ауданы шамамен 6 га құрайтынын хабарлады. Құрылыс жобасы «ККК Бетон» ЖШС-мен пысықталды.




Жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысы үш кезеңге жоспарланып отыр.

- Бұл жобаны іске асыру біздің комбинаттың өнімділігін арттыруға, көп орын құруға мүмкіндік береді. Шын мәнінде, бұл Қарағандыда тұрғын үй салудың жақсы бес жылдық жоспары. Жалпы алғанда 100 мың шаршы метрден асады. 1100-ге жуық отбасы пәтер ала алады, - деп түсіндірді «ККК Бетон» ЖШС директоры Александр Кику.




Оның айтуынша, жер телімі бөлінгеннен кейін бірден жобалау басталады. Құрылысты келесі жылдың сәуір айында бастау жоспарлануда. Белгілі болғандай, панельдік құрылыс монолиттіге қарағанда екі есе тезірек жүргізіледі. Осы технология бойынша көпқабатты үйлер 4-5 айда салынады.

Меморандумға сәйкес, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларының пәтерлері бір шаршы метріне 220 мың теңгеден аспайтын бағамен сатылатын болады.

- Қарағанды облысында бұл схема 2018 жылы сәтті сынақтан өтті. Салымшылардың құрылыс кезеңінде емес, дайын тұрғын үйді сатып алуының артықшылығы бар, - деп атап өтті «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының директоры Бауыржан Жуаспаев.




Облыста «Бақытты Отбасы» бағдарламасы бойынша қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету өсуде. 2019 жылы 206 қарыз берілді, ал биыл - 306.





Жоғары қарай