Ауа райы
Астана 21 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

Қарағандыда сал ауруына шалдыққан балаларға арналған оңалту орталығы ашылды

2020 жылдың 1 маусым 2020 20:41

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда халықаралық балаларды қорғау күні сал ауруымен ауыратын науқастарды оңалту орталығы ашылды. Мұнда жылына бір жарым мыңға жуық жас пациент тегін көмек ала алады. Жаңа медициналық мекемені жұмыс сапары барысында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек аралап қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шипагер» оңалту орталығы Майқұдық балалар ауруханасының аумағында екі қабатты жеке ғимаратта орналасқан. Оның аумағы - 806 шаршы метр. Мұнда сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту үшін қажетті барлық заттар бар: жарықпен және физиоемдеу аппараттары, электр монотерапия, мүмкіндігі шектеулі емделушілерге арналған көтергіштер, бассейн, сенсорлық бөлмелер және жайлы палаталар. Орталық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы шеңберінде ашылды. Бұл оңалтудан тегін өтуге мүмкіндік береді.

«Біз бір айлық нәрестеден бастап 18 жасқа дейінгі 100 баланы қабылдай аламыз. Мұнда түрлі санаттағы сал аурымен ауыратын балалар оңалтудан өтеді», - дейді «Шипагер» компаниясының құрылтайшысы Денис Подгайнов.




Жаңа орталықта оңалтуға жолдаманы сал ауруы бар баланың тұғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханасы береді. Емдеу ұзақтығы аурудың күрделілігіне байланысты - орташа есептегенде бір курс 10-нан 20 күнге дейін созылады. Оны жылына 2-3 рет қайталау қажет.

Орталықта жоғары білікті дәрігерлер жұмыс істейді. Жетекші реабилитолог Қазан қаласында травматология институтында оқыған.

Өңір басшысына медициналық мекеме қандай құрал-жабдықтармен жабдықталғаны көрсетіліп, ерекше балаларға қалай көмектесетіні жайлы айтылды. Жеңіс Қасымбек облыстағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті одан әрі дамытуды тапсырды.

Мұндай орталық Жезқазған қаласында да қызмет көрсетеді. Осы жылы тағы біреуі Теміртауда іске қосылады.























Жоғары қарай