Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағандылық кеншілер әулеті «Еңбек жолы» республикалық байқауының лауреаты атанды

2021 жылдың 2 қараша 2021 14:56

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Осакаров ауданы Молодёжный кентінде тұратын Куриндер кеншілер әулеті «Еңбек жолы» республикалық байқауында үшінші орынға ие болды. Марапаттау «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына» республикалық форумы аясында өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Куриндер отбасы «Еңбек әулеті» номинациясында үздік атанды. «Молодежный» көмір кенішінде әулеттің үш ұрпағы еңбек етіп келеді.

Еңбек әулетінің алғашқы кеншісі – Александр Курин. Ол көмір разрезі құрылысының бастауында тұрды. 40 жылдан астам экскаватор машинисі болып жұмыс істеді. «Шахтер Даңқы» Құрмет белгісінің үш дәрежесін иеленген.

Оның жұбайы Александра өмірінің 18 жылын өндіріске арнаған, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.

2004 жылдан бастап Александр мен Александра Курина құрметті демалыста. Олардың жолын қызы, ұлы, келіні және немересі жалғастыруда.

Ұлы Игорь Курин әкесінің ізін басты. Ол 21 жыл экскаватор машинисі болып жұмыс істейді. III дәрежелі «Шахтер даңқы» белгісінің кавалері, «Көмір өнеркәсібінің құрметті қызметкері» атағына ие болды. Жұбайы Наталья - сынама алғыш техникасының машинисі, III дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісімен марапатталған.

Даңқты кенші мамандығын жалғастырушы – кадрлар жөніндегі инспектор болып жұмыс істейтін қызы Татьяна Мартынчук және немересі геологиялық бөлімнің инженері Надежда Курина.

Отбасы ерен еңбегі үшін 200 мың теңгенің сертификатымен, сыйлықпен және дипломмен марапатталды.

Еңбек министрлігінің хабарлауынша, «Еңбек жолы» байқауына 550 өтінім келіп түскен.






Жоғары қарай