Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағандылық құтқарушы алты жетім баланы бауырына басқан

2020 жылдың 17 қараша 2020 02:50

ҚАРАҒАНДЫ. КазАқпарат – Қарағандылық құтқарушы Николай Соболевский көпбалалы әке. Жұбайы Татьянамен бірге олар түрлі ұлт және түрлі жастағы 9 баланы тәрбиелеп отыр. Олардың үшеуі – ерлі-зайыптылардың өз балалары, ал қалған алтауын балалар үйінен асырап алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Николай Соболевский 13 жылдан бері Қарағанды қаласының Құтқару бөлімшесінде бас құтқарушы болып қызмет етеді. Мамандығының қиындығына қарамастан, өз жұмысын жақсы көреді. Сонымен қатар, ол – сүйікті жар, тоғыз баланың әкесі.

Көп балалы Николай мен Татьяна Соболевскийдің ісін ерлікке балауға болады. Николайдың әйелі Татьяна балалар үйінде тәрбиеші. Олар бүгінге дейін алты баланы асырап алған. Оған қоса, тағы үш туған баласы бар. Жетімдерді асырап алу қызы Нинельдің идеясы болған. Бала кезінен анасының жұмысына барып жүрген кішкентай қыз, бауырларының болғанын қалайтынын жеткізген. Кейін Николай мен Татьяна ақылдасып, біреуі жеткіліксіз деген пікірге келеді. Осылайша ерлі-зайыптылар, Николайдың әйелі жұмыс істейтін балалар үйінен алты баланы асырап алады.

«Барлық бала ата-ананың мейірімін көруі тиіс», - деген отбасы әр баласынан немере-шөбере сүюді армандайды. Өздерінің екі ұлы – Кирилл мен Денис бөлек тұрады. Кішкентайларынан тағдырдың тәлкегін көрген Ксения, Настя, Карина, Алина, Мария, Луиза қазір әке мен шешенің мейіріміне бөленіп, бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Достығы мығым, берекелі отбасының балаларының үлкені – 24 жаста, кішісі – 10 жаста. Бұл үйдегі әр баланың тағдыры сан түрлі. Алты баланың әрқайсысы түрлі ұлттан.

«Асырап алған балаларымызға дейін бізде жағдайы төмен отбасының баласын тәрбиелеу тәжірибесі болды. Біз Анара атты қызға ресми түрде қамқорлық жасамадық. Тек балаға көңіл бөліп, жақсы көрдік. Анара біздің балалармен қатар өсті. Жұбайым екеуміз қызымыздың бақытты болғанына қуаныштымыз. Қазір ол 37 жаста, тұрмыста, 4 баланың анасы», - деді құтқарушы Николай.

Дегенмен, Соболевскийлер отбасы әртүрлі және бейтаныс балаларды тәрбиелеу оңай болмайтынын білген. Татьянаның айтуынша, барлық қиындықтарды еңсеруіміз Николайдың қолдауының арқасы дейді.

«Біз ешқашан әкеміздің бірегейлігіне күмәнданған емеспіз. Ол болмаса, мен бір өзім шешім қабылдай алар ма едім? Жоқ. Барлығы оның қолдауымен! Қиындықтар мен уайымдар ... олар кімде жоқ? Барлық көп балалы отбасылардағыдай. Бүгінгі таңда біздің қыздарымыз керемет ана болатынына күмәніміз жоқ және ата-аналарының қателіктерін қайталамайды деп сенімді түрде айта аламыз», - дейді Татьяна.

Әрбір қыз бала үшін әке – әлемдегі ең жақсы адам екені сөзсіз. Николай Анатольевич қиын қызметіне қарамастан әрқашан отбасы үшін уақыт табады. Қыздарының айтуынша, ол жұмыста қатал болғанымен үйде жұмсақ, әрі қамқор.


Жоғары қарай