Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағандылық журналистер «Алтын сұңқар» сыйлығымен марапатталды

2020 жылдың 27 маусым 2020 13:27

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығы табыс етілді.

Марапатқа 120-дан астам редакция қызметкері үміткер болды. Лауреаттарды байқау комиссиясы іріктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алтын сұңқар» сыйлығы осыдан 14 жыл бұрын құрылған болатын. Осы уақыт аралығында 192 журналист және 5 БАҚ ұжымы марапатқа ие болды.

Биылғы жылы карантинге және жаппай шараларға тыйым салуға байланысты салтанатты рәсімнен бас тартуға тура келді. Марапаттың теленұсқасы «Saryarqa» облыстық арнасының эфирінде көрсетіледі.





Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері мен журналистика ардагерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

«Мен соңғы жылы көптеген адамдармен жақын қарым-қатынаста болдым. Бұл ресми сұхбат немесе брифингтер ғана емес, сонымен қатар телефон, мессенджерлер арқылы жұмыс барысындағы мәселелерді талқылау, немесе жұмыс сапарлары кезінде байланыста болдым. Мен әрқашан сіздердің өз тақырыптарыңызды қаншалықты терең меңгеріп жатқандарыңызға және өңіріміз үшін жанашыр болатындарыңызға таңданамын. Пандемия кезінде адамдар сыбыстар мен қауесеттен шаршады. Сіздер бізге адамдарға шынайы ақпаратты жеткізуге және үрейге жол бермеуге көмектесесіздер. Бұл сіздердің жоғары кәсіби деңгейлеріңізді көрсетеді, және біз үшін бұл үлкен қолдау», - деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс «Қарағанды журналистикасын дамытуға қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығының иегерін атады. Осы ерекше марапатқа аудандық «Қарқаралы» газетінің ұжымы ие болды. Бұл облыстың ең көне басылымдарының бірі, биыл газетке 90 жыл толды.

Облыс әкімінің сыйлығы тағы 10 номинация бойынша тапсырылды.

Лауреат атанғандар:

Батырбек Мырзабеков, Ұлытау ауданының журналистика ардагері, ҚР құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі – «Мамандығына адалдығы үшін»;

Ләззат Қожахметова, «Айқын» республикалық газетінің меншікті тілшісі, - «Белсенді өмірлік ұстанымы үшін»;

Олег Битнер, 101TV.KZ қоғамдық интернет-теледидарының операторы және фото тілшісі, - «Объектив шебері»;

Салтанат Балтабай, «Жаңаарқа» аудандық газетінің тілшісі, - «Ауыл тақырыбын үздік жариялау»;

Мақпал Орынбетова, «Дидар» телеарнасы директорының кеңесшісі, бас продюсер, - «Әлеуметтік тақырыпты үздік жариялау»;

Ботабек Тілегенов, Saryarqa облыстық телеарнасының редакторы, - «Өндіріс тақырыбын үздік жариялау»;

Анна Строкова, «Ekaraganda.kz» ақпараттық агенттігінің тілшісі, - «Алғашқы табыстары үшін»;

Жаслан Иса, «Бірінші Қарағанды» телеарнасының директоры, - «Жылдың үздік шығармашылық жұмысы»;

Марал Әйнекова, «Ortalyq Qazaqstan» облыстық газетінің аға дизайнер-бет қаттаушысы, - «Мәнер мен атқарымдылық үшін»;

Фархат Кенжетаев, «Индустриальная Караганда» облыстық газетінің тілшісі, - «Еңбек адамы» тақырыбын үздік жариялағыны және насихаттағаны үшін»».

Жеңімпаздар ақшалай сыйлықпен марапатталды. Оларға дипломдар мен естелік мүсіншелер табыс етілді.














Жоғары қарай