Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағандылықтарға су айдынында сақталуы тиіс ережелер туралы ескертілді

2021 жылдың 24 мамыр 2021 19:40

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – 1 маусымда Қарағанды облысында шомылу маусымы басталады. Өңірде ресми түрде шомылуға арналған 83 орын анықталды. Атап айтқанда, Қарағандыда Федоров су қоймасының қалалық жағажайында және Орталық мәдениет және демалыс саябағының көлінде шомылуға рұқсат етілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құтқарушылар атап өткендей, адамдар жабдықталмаған және оған арналмаған жерлерде: жабайы жағажайларда, жасанды су айдындарында шомылған кезде суға батып кететін жайттар жиі кездеседі.

«Көп тұрғындар ыстық күндер басталысымен су қоймасына асығады. Есте сақтау керек, олардың барлығы жүзу үшін жабдықталмаған. Шомылуға арналған орындар құтқару бекетімен, балалардың шомылуына арналған учаскемен (тереңдігі – 1,2 метрден артық емес), дауыс зорайтқыш құрылғылармен және телефон байланысымен, қарау мұнарасымен, сондай-ақ кезекші медициналық персоналы бар және қажетті құрал-саймандармен және дәрі-дәрмектермен жабдықталған алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған үй-жаймен жабдықталуы тиіс», - деп хабарлады ТЖД.

Алдағы шомылу маусымы қайғылы оқиғаларсыз өтуі үшін Қарағанды облысы ТЖ Департаменті судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.

Мынадай әрекеттерге жол берілмейді:

- суға кіруге және алкогольдік және есірткілік мас күйінде шомылуға;

- қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, сондай-ақ осы мақсаттарға бейімделмеген құрылыстан суға секіруге;

- тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүңгуге;

- жүзу шекарасын белгілейтін құрылғылардан асып өтуге;

- жүзуге арналмаған заттармен жүзуге;

- су айдындарын ластауға және қоқыстауға;

- жағалауда және киім ауыстыратын бөлмелерде демалушыларға жарақат әкелуі мүмкін қоқыстарды қалдыруға;

- жалған дабыл қағып айқайлауға;

- техникалық және ескерту белгілеріне көтерілуге;

- балаларға ересектердің қарауынсыз суға кіруге;

Қажет болған жағдайда кәсіби көмек көрсетілетін белгіленген орындарда шомылуға кеңес береміз.

Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметінің ақпараты бойынша , өткен жылғы шомылу маусымында өңірдегі су айдындарында 12 адам батып кеткен, оның ішінде төртеуі - бала.


Жоғары қарай