Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 411.66
EUR 465.92
RUB 5.81
CNY 58.79

Қарағайлы станциясында су құбырлары салына бастады

2020 жылдың 23 мамыр 2020 02:54

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Наурызбай ауданының тұрғындарын үздіксіз су жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында салынып жатқан инженерлік желілер құрылысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауыз сумен қамтамасыз ету Наурызбай ауданындағы ең өткір мәселелердің бірі, өткен жылы және биылғы жылдың басында қала әкімімен болған кездесулерде аудан тұрғындары бұл мәселені бірнеше рет көтерген болатын.

«Ауданда қалалық сумен қамтудың үлесі небәрі 30 пайыз, қалғандары – қажетті сапалы сумен қамтамасыз ете алмайтын жеке скважиналар, Қарғалы және Ақсай өзендеріндегі ашық су тоғандары. Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша өткен жылы өткір әлеуметтік міндеттерді шешу үшін бюджеттік шығындар қайта қаралып, құрылыс жұмыстары басталған болатын»,– деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Алғашқы кезеңде Наурызбай ауданының Құрамыс, Таужолы, Ақжар, Жайлау, Тастыбұлақ, Шұғыла сынды алты ықшам аудандарында, сонымен қатар Қарағайлы өзені бойындағы тазарту станциясында су құбырлары мен кәріз желілері салына бастады. Осының арқасында ауданның 48 мыңнан астам тұрғыны сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Құрылыс жұмыстарын аяқтау келер жылға жоспарланған. Жалпы ауданда барлығы 121,5 шақырым су құбырлары, 85 шақырым су айырғыш желілер тартылады, нәтижесінде барлық ықшамаудандар орталық су жүйесімен қамтамасыз етіледі.

Бүгін қала әкімі Б. Сағынтаев Жайлау және Ақжар ықшам аудандарындағы инженерлік желілер салынып жатқан құрылыс жұмыстармен танысты және «Қарғалы» су тазарту станциясының құрылыс алаңында болды.

Бақытжан Сағынтаев сапалы судың қалалықтардың өздерін жақсы сезінулеріне және олардың денсаулықтарына оң әсер ететінін атап өтті. Сондықтан Наурызбай ауданы тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөнінде пәрменді шаралар қабылданған еді.

«Шетсіз қала» қағидасына сай Алматы қаласының барлық тұрғындарына бірдей жоғары деңгейдегі жағдайларды жасайтын боламыз», - деп атап өтті Б. Сағынтаев және жұмыс сапасын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Қала әкімі су желілері тартылған көшелер тұрғындарының өтініші бойынша жұмыстың жалпы көлемін аяқтауды күтпей жолдарға бірден асфальт төсеуді тапсырды.

Үстіміздегі жылдың мамыр айында «Қарғалы» су тазарту стансасының құрылысы басталды. Жобада су тоғаны нысанының құрылысы қарастырылған, нәтижесінде қуаттылығы 10 есе артады, 1440 текше метр су тәулігіне 15 мыңға дейін жетеді. Жоба жүзеге асқанда 4 ықшам ауданды, 77 көшені және 3015 тұрғын үйді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.

Жұмыс сапары барысында қала әкімі Қарғалы өзенінің жағалауын нығайту жұмыстарының барысымен танысты. Тәжиев, Игілік көшелері мен Пищевик демалыс үйінің айналасындағы жар қабаттарды габионды конструкциялармен мықтылау жұмыстарын аяқтау қыркүйек айына жоспарланған.

Сонымен қатар, Қарғалы өзенінің арнасын мықтылау және Ақжар ықшамауданындағы Тастыбұлақ өзені арқылы өтетін көпір өткелін жөндеу жоспарланған.


Автор Алма Мұқанова
Басты сөздер: Құрылыс, Алматы,
Жоғары қарай