Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарақұмықтың қымбаттауына түрткі болған жайттар талқыланды

2021 жылдың 28 маусым 2021 22:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қарақұмық өңдеушілермен кездесу өткізді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қарақұмық та елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне кіреді. Өйткені өнім әскердің, ауруханалар мен балабақшалардың, мектептердің міндетті рационына кіреді. Өзге азық-түлікпен бірге оның да бағасы шарықтап барады. Өңдеушілердің айтуынша, мұның негізгі себебі – егіс алқаптарының аздығы және жасанды тапшылық.

Кездесуде Павлодар облысының қарақұмық өңдеу кәсіпорнының директоры Дмитрий Тюменев биылғы қарақұмық тапшылығын қуаңшылықпен байланыстырады. Былтыр шығым жақсы болып, қарақұмық өңдеу бағасы кеткен шығынды ақтамай сарсаңға салса, биыл керісінше шикізат жетіспей жатыр.

«Күзде өңдеуге жарамды қарақұмықтың бір келісін 140-150 теңге сатып алсақ, қазір 265 теңгеге жетіп отыр. Сонда өңделген жарманың келісі 425 теңге болады», - дейді кәсіпкер.

Жағдай бұлай кете берсе, Қазақстан нарығын Ресейдің қарақұмығымен толтырудан басқа амал қалмайтын түрі бар.

«Егер Ресей аумағынан жеңілдетілген салықпен тасымал бастамасақ, тапшылық күшеюі мүмкін. Көрші елдің шекаралас облыстарында қарақұмық қоры жетіп артылады. Ол өңірлерде қарқұмық алқабы орасан. Ал Қазақстанда аз егіледі», - дейді Дмитрий Тюменев.

Қарақұмық алқабы мен оған деген сұраныстың сәйкесссіздігі Шығыс Қазақстанда да бар. Евгений Касаткин облыс нарығына ай сайын 1000 тонна қарақұмық қажет екенін айтады. Ал облыстағы өндірушілердің әлеуеті тек 700 тонна өңдеуге ғана жетеді.

«Біздің облыста 8 ірі өңдеуші кәсіпорын бар Бізге тәулігіне 180 тонна қарақұмық қажет. Яғни, барлық өңдеуші кәсіпорындарды қамтамасыз ету үшін айына 5400 мың тонна шикізат керек. Неліктен біз Ресей сияқты 5 маусымнан 31 тамызға дейін ел ішінде шикізатты сақтау үшін қарақұмық экспортына тыйым салған шекараларды жаппаймыз? Сонымен қатар, биыл Ресей қарақұмықтың егіс алқаптарын 25%-ға арттырды. Олар 1,2 миллион тонна қарақұмық жинауды жоспарлап отыр. Бұл Қазақстандағы қарақұмық бағасын Ресейдің белгілеуіне жол ашады», - дейді шаруа.

Кездесу қорытындысы бойынша қарақұмық жармасын қайта өңдеушілер бағаны тұрақтандырудың жолдарын ұсынуға келісті.

«Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ол ұсыныстарды Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге талқылап, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру үшін жүйелі шаралар кешенін дайындап, Мемлекет басшысының қарауына жібереді», - деп жазылған агенттіктің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.


Жоғары қарай