Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Карантин: Арыста туған күн мен түлектер кешіне 100-ден астам қонақ жиналған

2021 жылдың 27 мамыр 2021 21:01

АРЫС. ҚазАқпарат - Түркістан облысында карантинге қарамастан жасалған туған күн мен түлектер отырысы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Коронавирус індетінің таралуын болдырмау, алдын алу мақсатында Түркістан облысында мобильдік топтар құрылып, қызмет атқаруда.

Мобильді топ құрамында тәртіп сақшылары да бар. Осындай кезекті тексеріс кезінде Арыс қаласы Саяжай елді мекенінде орналасқан демалыс орнында туған күн болып жатқанын анықтады.

Тексеру барысында жиында 50-ден астам қонақ болған.

Осыған байланысты санитариялық талаптарды сақтамаған демалыс орнының иесі мен туған күн иесіне ҚР ӘҚБтК 425-бабымен іс-құжаттары рәсімделді.

Жинақталған құжаттар әкімшілік шара көрілу үшін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары Арыс қаласындағы Тәуелсіздік көшесіндегі үйлердің бірінде болып жатқан түлектер отырысын анықтады.

Мектеп бітіруші оқушылардың қоштасу кешіне 50-ге тарта қонақ келген.

Карантин талаптарын сақтамай, адамдардың көптеп шоғырлануына жол берген үй иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК 425-бабы бойынша іс-құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін Арыс аудандық СЭББ-ға жолданды.

Жалпы жыл басынан бері Арыс ауданында 100-ден астам карантин талабын сақтамағандар анықталған.

Оның ішінде 15-і туған күн, той-жиын өткізу деректері бойынша тіркелген.

Түркістан облысының полицейлері барлық азаматтарды коронавирус індетіне байланысты шығарылған қаулы талаптарын сақтауға шақырады.

«Әлеуметтік арақашықтықты сақтап, бетперде режимін ұстаныңыздар. Адам көп болатын жерлерге бармаңыздар» деп кеңес береді полиция.


Жоғары қарай