Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Карантин кезіндегі жұмыстарды үйлестіре алмаған Екібастұз әкімі сөгіс алды

2020 жылдың 25 сәуір 2020 22:31

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Павлодар облысының аумағындағы Екібастұз қаласында карантин шаралары күшейтілді. Қалаға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы және басқа қосымша қызметкерлер жұмыс бабымен жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«25 сәуір күні Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Екібастұз қаласының ТЖ бойынша штабының отырысына қатысты. Аймақ басшысы карантин жағдайында қалалық мекемелердің өзара әрекетінде тиімділіктің жоғын, соның нәтижесінде карантин режимі мен оқшаулау жұмыстары тиісті түрде қамтамасыз етілмегенін атап өтті»,- делінген облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

25 сәуір күнгі сағат 18:30-дағы дерекке сәйкес, Павлодар облысында коронавирус инфекциясының 89 жағдайы тіркелді. Оның 65 пайызы Екібастұз қаласында орын алған.

«COVID-19 расталған науқастардың туыстары мен байланыста болған адамдарын анықтау алгоритмінің орындалуы бойынша мәселелер бар. Бұл жұмыстар кейде берілген мерзімінен кеш жасалған. Бұдан бөлек, маған карантинге жабылған кіреберістердің тұрғындары өз-өзін оқшаулау ережелерін ұстамағаны жөнінде хабарлама келіп түсуде. Бұл дегеніміз қалалық әкімдік, ТЖ бойынша қалалық оперативтік штаб жағдайды тұрақтандыру үшін дер кезінде шара қабылдамағанын білдіреді», – деді Әбілқайыр Сқақов.

Қалалық штаб алгоритмді ұстану және ведомствоаралық өзара әрекеттесуінде мәселелер болғанын мойындады. Қазіргі уақытта, облыстық эпидемиологтар мен басқа мамандардың араласуынан кейін, жағдай тұрақтандырылды және бақылауға алынды.

«Екібастұз қаласы әкіміне – қалалық штаб басшылығына штабтың тиісті түрде жұмыс атқармағаны үшін және бөлімшелер арасында жұмыс тиісті үйлестірілмегені үшін сөгіс жарияланды. Оған қоса регламентке сәйкес әрекет етпеген емханалардың бас дәрігерлерінің және Екібастұздың бас санитарлық дәрігерінің жауапкершіліктерін қарастыру керек. Құқық қорғау органдарына бақылауды күшейту қажет, соның ішінде, карантиндік объектілерде және қаладағы тәртіп сақталуын қамтамасыз ету міндет», - деді облыс басшысы.

ТЖ бойынша қалалық штабтың отырысы қорытындысы бойынша облыс әкімі жуық арада Екібастұз қаласында коронавирусты тестілеуге арналған зертхананың ашылуын қарастыруды тапсырды. Қалада бұл үшін керекті ғимарат пен мамандар бар.


Жоғары қарай