Ауа райы
Астана 30 °С
Алматы 36 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Карантин: Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына кіруге рұқсат кімдерге беріледі

2020 жылдың 17 наурыз 2020 19:52

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына кіріп-шығу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Денсаулық сақтау органдары мен Қорғаныс министрлігі блокпосттар арқылы Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының периметрі бойынша көлік құралдарының кіруі мен шығуын және азаматтардың қозғалысын шектейді. Қалаға Нұр-Сұлтан мен Алматыда тиісті тіркеуде тұрған адамдар және қалалардың өмірлік қызметтерін қамтамасыз етуге қажет адамдар ғана кіреді. Тізімді әкімдіктер анықтайды», - деді министр «Хабар 24» телеарнасындағы үндеуде.

Оның айтуынша, бұл тыйым тұтыну тауарларын жеткізетін көліктерге жүрмейді.

Сондай-ақ, министр жалған ақпарат таратқандарға жауапкершілік жүктелетінін ескертті және азаматтардан карантин кезінде түсіністік танытуға шақырды.

Еске салсақ, 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимі енгізіледі.

Сондай-ақ ҚР Премьер-Министрі баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 19 наурыз күні сағат 00.00-ден бастап енгізілетін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының аумағына адамдардың кіруін/шығуын шектеу келесі санаттағы тұлғалар үшін қолданылмайды:

- бұған дейін қаладан шығып кеткен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының тұрғындары қалаға оралған жағдайда;

- бұған дейін қалаға кірген басқа өңірлердің тұрғындары қаладан шығатын болса;

- бұған дейін шетелдерге шығып кеткен ҚР азаматтары (олар Қазақстан Республикасына оралған жағдайда);

- бұған дейін елден шығу үшін ҚР аумағына кірген және елден шығып кету мақсатында әуе көлігімен шығатын шетелдіктерге;

- шетелдіктер (азаматтығы жоқ тұлғалар), Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларға;

- бұған дейін шетел мемлекетінің аумағына шығып кеткен ҚР азаматтары Қазақстан Республикасына оралған жағдайда;

- емделу үшін шетелге шығатын ҚР азаматтарына, олардың денсаулық сақтау мекемелерінің растаушы құжаттары болған жағдайда;

- елдің және шетел мемлекеттерінің дипломатиялық қызметінің персоналы және олардың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ Қазақстанға ҚР Сыртқы істер министрлігінің шақыруы бойынша бағыт алған шетел мемлекеттерінің және халықаралық ұйымдардың делегация мүшелеріне;

- пойыз және локоматив бригадаларының мүшелеріне, сондай-ақ теміржол тасымалы процесіне қатысатын тұлғаларға, әуе, теңіз көліктерінің экипажына, халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыратын жүк автокөлігі құралдарының жүргізушілеріне;

- Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасы мүшелері болып саналатын шетелдіктерге (туыстық байланыс фактісі - ері (зайыбы), олардың ата-аналары мен балалары екені расталған жағдайда);

- Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жұмыс істейтін, қаламаңы аумақтарында тұратын тұрғындарға;

- әуе және теміржол транзиті қатынасымен жүрген Қазақстан Республикасының азаматтарына;

- басқа да ерекше жағдайларда, мұндай жағдайлар COVID-19-бен күресу жөніндегі қалалық штабтарда дербес тәртіпте қаралады.




Жоғары қарай