Ауа райы
Астана -15 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Карантинде танымал музейлерге виртуалды тур жасауға болады

2020 жылдың 31 наурыз 2020 21:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирустық инфекция эпидемиясына байланысты енгізілген карантинде көптеген қазақстандықтар үйде отыруға мәжбүр. Әріптестерімен, туыстарымен, достарымен және таныстарымен күнделікті байланыстан шеттетілген тұрғындар теледидар мен Интернетті місе тұтуға мәжбүр. Екінші жағынан, бұл уақыт адамның көкжиегін кеңейтуге, жаңа нәрселер үйренуге мүмкіндік береді. ҚазАқпарат оқырмандарға Қазақстандағы және шет елдердегі әйгілі музейлердің виртуалды сайттарын ұсынады.

Мәселен, Afisha.kz сайты тек Қазақстанда емес, Орталық Азиядағы ірі музейлердің бірі - Алматыдағы ҚР Орталық музейіне баруға шақырады. Мұражай қорында 300 мыңға жуық жәдігер бар.

Сондай-ақ, «Жетісу 360» жобасы арқылы музей экспонаттарының виртуалды әлеміне 3D-тур жасауға болады. Мұнда Талдықорғанның екі виртуалды музейіне - М.Тынышпаев пен І. Жансүгіров музейлеріне, «Анаға құрмет мұражайына», Жамбыл музейіне және Қазақстанның басқа да көрнекті қайраткерлеріне арналған музейлерге, мешіттерге, сәулет және мәдени көрнекі орындарға виртуалды саяхат жасай аласыз. Сонымен бірге, Жетісу, Шарын каньоны, Көлсай, Қайыңды және өзге туристік нысандарды тамашалауға болады. Музейлер мен табиғат жауһарларын HD-сапада 360 градуста көруге болады.

Елімізде жүргізілген бірнеше арнайы этномәдени экспедициялар кезінде табылған және каталогталған жәдігерлері бар Неміс халқы мәдениеті музейін де тамашалау ұсынылады.

Сондай-ақ, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген Түркістан облысындағы «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығымен виртуалды түрде танысуға болады. 100 гектарға жуық аумақтағы тарихымыздың жарқын сәулеттік ескерткіші, Түркістан қаласының басты көрнекті орны. Қорықта Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Қылует жерасты мешіті бар Сопылық орталық, Шілдеханның салттық ғимараты, Күлтөбе қалашығы, шығыс моншасы, Рабиға Сұлтан Бегім, Есім хан, Абылай хан, Жолбарыс, Қасым хан, Жәнібек батыр, Қазыбек би және басқаларының кесенелері, Хума мешіті, Шахристан, қамал қабырғалары, Әулие Құмшық ата жерасты мешіті, Әлқожа ата мен Гауһар ана кесенелерінің орны бар.

Мuzey.kz сайтында Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейін тамашалап, 7 экспозиция залын 3D-форматта қарауға болады.

Ә.Қастеев атындағы бейнелеу өнері музейі, Нұр-Сұлтандағы ҚР Ұлттық музейі және бірқатар ғылыми және тарихи музейлер де виртуалды алаңдарын құрды.

WeProject жобасы Қазақстаннан бастап түрлі елдерге виртуалды экскурсиялары бар 32 музейдің сілтемесін жариялады. Осылайша, кез келген тілек білдіруші Луврға, Люксембург сарайына, Эрмитаж және Ресейдегі Космонавтика музейіне, Тейт галереясы мен Ұлыбританиядағы Британдық музейге және басқа да көптеген танымал музейлерді көре алады.


Жоғары қарай