Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 445.84
EUR 490.47
RUB 5.73
CNY 62.87

Қарапайым халықтың салық өсімпұлы қай жағдайда кешіріледі

2019 жылдың 25 шілде 2019 17:09

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда 1,4 млн адамның мойнында 20,9 млрд теңге салық берешегі бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаевтың ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

«Салық берешегінің ең көп сомасы немесе 70 пайызы (14,4 млрд. теңге) көлік құралдарына салынатын салыққа тиесілі. Жер салығына жалпы берешектің 12 пайызы (2,5 млрд.теңге), мүлік салығына 6,7 пайызы (1,4 млрд. теңге) тиесілі. Салық борышы бар жеке тұлғалардың басым бөлігі Шымкент қаласында тіркелген. Мұнда шамамен 148 мың адам қарыз. Түркістан облысында 139 мың, Жамбыл облысында 116 мың және Нұр-Сұлтан қаласында 114 мың адам салықты толық төлемеген», - дейді комитет өкілі.

Берешек сомасы бойынша, Алматы қаласы бірінші орында. Қала тұрғындары мемлекеттік кіріс органдарына 5,5 млрд. теңге қарыз. Нұр-Сұлтан және Маңғыстау облысында 2 млрд. теңгеден, Шымкент қаласында 1,6 млрд. теңге берешек қалыптасқан.

Жайдар Іңкәрбаев салық берешегі бойынша қордаланған өсімпұлды шегерту үшін негізгі қарыз сомасын ғана өтеу керек екенін атады.

«Өсімпұлды шегеру үшін негізгі салық қарызын төлесе болды. Ол үшін ешқайда барып, ешқандай өтініш жазудың қажеті жоқ. Негізгі берешек төленгеннен кейін 3 күн ішінде өсімпұл автоматты түрде шегеріледі. Біздің мамандар әрбір салық төлеушінің дерегін күн сайын тексеріп отыр. Берешек өсімпұлының шегерілгеніне көз жеткізу үшін салық төлеушінің жеке кабинетіне өтіп білуге болады. Ал бүгінге дейін салық берешегімен қоса өсімпұлды да төлеп қойған адамдарға өсімпұл сомасы қайтарылып беріледі. Ол үшін салық төлеуші мемлекеттік кірістер органына барып, өтініш жазуы керек. Соның негізінде артық төленген сома өтініш берушінің атындағы есепшотқа аударылады», - деді ол.

Дегенмен, әзірге ешбір борышкердің өсімпұлы шегерілмеген.

«Әзірге өсімпұл шегеру ережесі нақтыланып жатыр. Барлық өңірлерге тиісті ақпараттар беріліп, тапсырмалар жүктелді. Ережемен барлық өңірлер танысып болғаннан кейін өсімпұлдар шегеріле бастайды», - деді ведомство өкілі.

Айта кетейік, осыған ұқсас рақымшылық шағын және орта бизнес нысандарына беріліп отыр. Бүгінге дейін соның аясында 40 мың қазақстандық салық айыппұлынан құтылған.

Жоғары қарай