Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қашқарлық кейуана 134 жасқа толған туған күнін тойлады - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

2020 жылдың 5 шілде 2020 12:40

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әдеттегідей, «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қашқарлық кейуана 134 жасқа толған туған күнін тойлады - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Қытайдың Қашқар аймағында тұратын кейуана Алымқан Сейіт 25-ші маусымда 134 жасқа толған туған күнін атап өтті, деп жазады kazakcnr.com сайты.

Аталған ақпарат көзінің жазуынша, Алымқан Сейіт - Қытайдың Қашқар аймағы Жаңашар ауданы Құмшілік ауылында тұрады. Үш ғасырдың куәсі болған кейуана 1886 жылы 25-ші маусымда туған. Бұл кезең Қытайды маньчжурлар әулеті билеген Чинь патшалығының заманына тура келеді. Ал Алымқан Сейітті 2013 жылы Қытайдың қарттар ұйымы ең ұзақ жасаған адам деп таныған. «Алымқан Сейіт 1903 жылы 17 жасында Тұрды Розыға тұрмысқа шыққан. Бірақ бала сүйе алмаған ерлі-зайыптылар бір ұл, бір қыз асырап алады. Ұлы 36 жасында ауырып қайтыс болып, көп ұзамай күйеуі Тұрды да мәңгілік сапарға аттанады. Бүгінгі күні Алымқанның сол жалғыз қызы Тәжігүлден тараған 40-қа жуық ұрпағы бар екен. Жергілікті билік қарттың биылғы 134 жасқа толған туған күнін құттықтап, «Махаббат мәңгі ертегі» тақырыбындағы іс-шарамен атап өткен. Өйткені өзін көңілді ұстайтын кейуана ғашықтық жырларын айтып, жұртты күлкіге кенелтіп, ортасын думанға бөлеп жүретін болған. Кейуананы қазіргі күні өздігінен жүріп-тұруы қиындағандықтан немересі мен келіні бағып, күтіп отыр. Дегенмен дәргерлердің айтуынша, қарттың денсаулығы әлі де тың, көзі өткір, еске сақтауы, есту қабілеті, тамаққа тәбеті жақсы. Ол ұйғыр тілінен бөлек, қытай тілінде жетік меңгерген», - деп жазады CNR.





Ақпарат көзінің дерегінше, кейуананың жүріп-тұруы қиындаған соңғы жылдарға дейінгі күнделікті тіршілік дағдысы қарапайым болған. Таңғы сағат 5-6-да тұрып намазын оқып, 8-де таңғы асын ішкен. Кешкі сағат10-да ұйықтап демалған. Шай ішкенді ұнатпайды, оның орнына салқын су ішкен. Нан, қоян етін жеп, кеспе, қырыққабат сорпасын ішуді жақсы көрген. Тіршілігінде егіншілікті кәсіп еткен кейуана қауын, шабдалы және қара өрік сияқты жемістерді жегенді ұнатқан. Ал ең сүйікті жемісі - кішкентай, қышқыл жасыл өрік болған.









Өзбекстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі жөніндегі келіссөздерді бастайды - «ӨзА» ақпараттық агенттігі





Өзбекстан Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу жөнінде алғашқы қадамдарын жасап үлгерді. Осы орайда Өзбекстанның ұйымға мүше болуына бірнеше халықаралық ұйымдар қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізген, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«ДСҰ-ға қосылу жөніндегі келіссөздерді Өзбекстан 2020 жылдың 7 шілдесінде бірлескен жұмыс тобының отырысында бастайды. Пандемияға байланысты кездесулер бейнебайланыс түрінде өтеді, деп хабарлады Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігінің баспасөз қызметі. Министрлік хабарында «Өзбекстанның ДСҰ-ға кіру процесі маңызды міндет болып табылады және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты көптеген мәселелерді жедел шешуді талап етеді» делінген.

Бұған дейін Өзбекстан ДСҰ-на мүше болса, Еуропалық Одақ арнайы 5 млн долларлық грант беруге келісім берген және GSP+ бағдарламасы аясында 6 мыңнан астам тауарды баж салығынсыз импорттауға көмектеседі. Ал Еуропалық Одақтан бөлінген 5 млн доллар қаржы Арал теңізі аймағындағы жобаларды іске асыруға жұмылдырылатыны белгіленген», - деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.


Моңғолияның 2021 жылғы президент сайлауына өкілдерін қосатын партиялар белгілі болды - KAZNEWS





Келесі жылы Моңғолия президентінің кезекті сайлауы өтеді. Конституция бойынша парламенттегі партиялар президент сайлауына өз үміткерлерін ұсына алады, деп хабарлайды Моңғолияда тіркелген KAZNEWS ақпараттық порталы.

«Конституцияның 31.2–бабында «Мемлекеттік Ұлы Хуралда орын алған партия жеке немесе бірлескен түрде Президентке бір адамды ұсынады» -делінген. Сондықтан Моңғолия Парламентінің 2020 жылғы кезекті сайлауында орын алған Моңғол халық партиясы, Демократиялық партиясы, Моңғол халық революцияшыл партиясы, ХҮН партиясы үміткерлерін ұсынуға құқылы. Конституцияға енгізілген өзгерістер бойынша «Президентке 50 жасқа толған, ел аумағында кемінде 5 жыл тұрған, Моңғолия азаматын алты жыл мерзімге бір рет қана сайлайды», - деп жазады KAZNEWS порталы.


Түркияның автомобиль өнеркәсібі рекордтық экспорт жасады - TRT





Түркияның автомобиль өнеркәсібі өткен айда 2 миллиард 16 миллион доллармен ең көп экспорт жасаған кәсіпорын болды, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«Түркия Экспортшылар ұйымының санды мәліметіне қарағанда автомобиль өнеркәсібінен кейінгі орынды 1 миллиард 425 миллион 451 мың доллармен химиялық материалдар мен өнімдері иеленді. Үшінші кезекті 1 миллиард 357 миллион 642 мың долларлық экспортпен дайын киім және конфекция өнімдері алды. Маусым айында ең көп экспортты арттырған сала 69,3 пайызбен жаңғақ және жаңғақ өнімдері болды. Түркияның жалпы экспортының 76 пайызын орындаған өнеркәсіп тобы 15,2 пайыздық артумен 10 миллиард 238 миллион 725 мың долларлық экспорт жасады. Экспорт ең көп жасалған алғашқы үш ел қатарымен бір миллиард 293 миллион доллармен Германия, бір миллиард 13 миллион доллармен Ұлыбритания және үшінші орында 792 миллион доллармен АҚШ болды», - деп жазады TRT.


Ресей ультрадыбыстық зымырандармен күреске дайындалып жатыр - «Фарс» ақпарат агенттігі





Ресей Әуе-ғарыш күштері қолбасшыларының бірі С-500 жүйенің ультрадыбыстық зымырандарды анықтап, оларды жойып жіберу мүмкіндікке ие екендерін мәлімдеді, деп жазады «Фарс» ақпарат агенттігі.

«Ресей Әуе-ғарыш күштері қолбасшысы Сергей Суровикин: «С-500 жүйе аэродинамикалық және баллистикалық нысандардан басқа, кез келген түрдегі ультрадыбыстық қаруды оңай анықтап, жойып жіберу қабілетіне ие. Қазіргі кезде әлемде С-500 жүйесіне ұқсас жүйе жоқ. С-500 техникалық көрсеткіштері оны бірінші буын ғарыш-қорғаныс жүйесіне айналдырды»,- деді. С-500 – орта қашықтық және құрлықаралық баллистикалық зымырандарға қарсы тұратын алыс қашықтық қорғаныс жүйе. Ресей Қорғаныс министрлігінің айтуынша, бұл қорғаныс жүйесі 2019 жылы әуе-қорғаныс күштерімен сынақтан өткізілді және болжамдар бойынша 2021 жылы Ресей армиясына тапсырылады», - деп жазады Рarstoday.



Автор Бақытжол Кәкеш
Басты сөздер: БАҚ,
Жоғары қарай