Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Кәсіпкерлерге жеңілдікпен несие алуға болатыны дұрыс түсіндірілмеуде – Даниал Ахметов

2021 жылдың 15 қыркүйек 2021 10:07

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қала, аудан басшыларының кәсіпкерлерге жеңілдікпен несие алуға болатыны дұрыс түсіндірілмей жатқандығын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайлы аймақ басшысы «Қарапайым заттар экономикасы» жобасының іске асырылуы бойынша өткен кеңес барысында айтты.

«Кәсіп бастау үшін жеңілдікпен несие алудың артықшылықтарын түсіндіру жөнінде әкімдердің жұмысы сылбыр. Бүгінде «Даму» қоры арқылы 5 миллиард теңгеден астам сомаға 500 жоба жасалған. Бірақ нәтиже біз ойлағандай емес», - деді Даниал Ахметов.

Оның айтуынша, халықты үнемі ақпараттандыру – тұрғындарды кәсіп ашу барысындағы үрей мен күдіктен сейілтеді.

«Кез келген азамат өз кәсібін бастап, оны өрге домалатып, жетістікке жеткісі келеді деп ойлаймын. Сондықтан оларға қолұшын созып, тиісті мүмкіндіктерді жасау керек. Мен өз орынбасарларыма және Кәсіпкерлік басқармасына тұрғындармен кездесіп, жеңілдікпен несие алу алгоритмдерін егжей-тегжейлі баяндауды, «Қарапайым заттар экономикасы» жобасының мүмкіндіктері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырдым», - деді облыс әкімі.



Жоғары қарай