Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы: Қандай шаралар қабылданады

2021 жылдың 12 қазан 2021 10:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев «Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында атқаралытын жұмыстарды айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кәсіпкерлікті дамыту бойынша Ұлттық жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге, сондай-ақ бәсекелестікті кешенді дамытуға бағытталған. Аталған бағыттарды іске асыру аясында 10 міндет, 30 көрсеткіш және 69 іс-шара көзделген. Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 8,5 трлн теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджетте 1 трлн теңгеден астам қаржы, ал жергілікті бюджеттерде 125 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ, 7,3 трлн теңге сомасына жеке инвестициялар тарту қамтамасыз етіледі. Ұлттық жоба кәсіпкерлік құрылымында сапалы өзгерістерді қамтамасыз етуге бағытталған. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін жеке кәсіпкерлікпен айналысуға жағдайлар жасау, кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне сәйкес дағдыларды дамыту, сонымен қатар субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру бойынша шаралар қабылданатын болады», - деді Ә. Ерғалиев.

Оның айтуынша, Ұлттық жобаның басты міндеттерінің бірі - кәсіпкерлік субъектілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру және экономикадағы мемлекеттің үлесін төмендету. Ұлттық тауар өткізу желісін құру және жаңғырту жоспарлануда.

«Кәсіпкерлік белсенділікті арттыру мақсатында 690 мың шағын және орта бизнес субъектісі мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылатын болады. «Бастау Бизнес» аясында жеке ісін ашқан кәсіпкерлер саны 2 есеге өседі, соның ішінде 55 мың ауыл кәсіпкеріне нақты қолдау көрсетілетін болады. Сауда инфрақұрылымының заманауи форматтарын құру мақсатында көп форматты сауда объектілері 6-дан 132-ге дейін ұлғайтылатын болады. Жекешелендіруді дамытуға бағытталған шаралар мемлекеттің экономикадағы үлесін 14% дейін қысқартуды көздейді. Қабылданған шаралар шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 35% дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, министр Үкіметте үш ұлттық жобаны таныстырды.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің тапсырмасын орындау мақсатында, Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп үш Ұлттық жобаны әзірледі. Олар «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» және «Кәсіпкерлікті дамыту», сонымен бірге «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобалар.


Жоғары қарай