Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Кәсіпкерлікті дамыту: Жұмыспен қамту және оқыту шаралары қалай жүзеге асып жатыр

2022 жылдың 31 қаңтар 2022 18:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат -2021 жылы қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында түрлі бағытта жобалар кешені әзірленді. Соның бірі - Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы. Аталған жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге, жаңа нишаларды қалыптастыруға, сонымен қоса бәсекелестікті дамытуға бағытталып отыр. Осы орайда кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен қамту жобалары мен оқыту шаралары туралы толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында айтылады.

Былтыр нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мерзімі аяқталған болатын.

Осыған орай, Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын жүзеге асыру қолға алынды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты жұмыспен қамту департаменті директорының орынбасары Руслан Тілеубаевтың мәліметінше, аталған ұлттық жоба шеңберінде бірқатар іс-шараны іске асыру көзделген.

Ол үшін 2022 жылға республикалық бюджеттен 33,2 млрд теңге, ал жергілікті бюджеттен 8,5 млрд теңге қарастырылған.

«Ұлттық жоба 10 міндетті көздейді. Оның 3-еуі халықты жұмыспен қамту үшін жәрдемдесуге бағытталған. Нақтырақ айтсақ, басты мақсат – азаматтардың өз ісін ашып, дамытуына жағдай жасау, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту болып отыр», – деді департамент директорының орынбасары.

Жұмыс орындарын көбейту

Руслан Тілеубаевтың мәліметінше, Ұлттық жобалар шеңберінде 2021-2025 жылдар аралығында жалпы 2,5 млн жұмыс орны құрылады.

Атап айтқанда, тұрақты жұмыс орны – 803,7 мың, уақытша жұмыс орны – 1 727,9 мың.

Ал биыл, яғни 2022 жылы 443,8 мың жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде бес жылда 995 мыңнан аса жұмыс орны құрылады.

Оның ішінде 335 мың тұрақты жұмыс орындары, 660 мыңы уақытша болмақ.

«Өз кезегінде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан 5 жыл ішінде 100 мың тұрақты және де 630 мыңнан аса уақытша жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Оның басым бөлігі жеке бизнес нысандарын жұмыс күшімен қамтамасыз етуге бағытталған», – деді ол.

Жұмыспен қамту

Сонымен қоса жастарды жұмыспен қамтуға тоқталсақ, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларының арқасында 29 жастан аспаған, мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ, жақында оқуын аяқтаған немесе мүлдем жоқ адамдарға түрлі қолдау шаралары көрсетілетін болады.

Бұл жобалармен 140 мыңнан астам адамды қамту жоспарланып отыр.

Ал зейнеткерлік жас алдындағы адамдар үшін «Күміс жас» жобасы іске асырылмақ, оның шеңберінде 20 мың адам қолдау алады.

Бұдан басқа, департамент директоры орынбасары «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасын іске асыру арқылы 60 мыңға жуық адамды жұмысқа орналастыру мүмкіндігі қарастырылғанын айтып өтті.

Ал, жұмысынан айырылған азаматтарға «Қоғамдық жұмыстар» жобасы арқылы тағы 415 мыңға жуық уақытша жұмыс орны берілмекші.

«Осы жобалардың көпшілігіне қатысу үшін жақын орналасқан Халықты жұмыспен қамту орталығына жүгіну қажет. Не болмаса, Электронды еңбек биржасы немесе Электронды үкімет порталы арқылы жұмыс іздеп жүрген адам және жұмыссыз ретінде тіркелу қажет», – деді Руслан Тілеубаев.

Ол сондай-ақ, осы шаралардың тиімділігін арттыру үшін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде оларды іске асырудағы кемшіліктер ескерілгенін, оларға сәйкес әрбір нысаналы топтың қажеттіліктерін ескере отырып, өзгерістер енгізілгенін де еске салып өтті.

Жалпы, Ұлттық жобаны іске асыру барысында барлығы 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады.

3,5 млн адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылып, 1,7 млн адам тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасады.

Жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ға дейін төмендеп, халықтың нақты ақшалай кірісінің өсмі 27,1% деңгейіне жетеді.

Кәсіпкерлікке оқыту

Жалпы, кәсіпкерлікке оқыту шаралары аясында аудандардың мастер-жоспарлары жасалып, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлікке оқыту жүргізіледі.

Сондай-ақ жас кәсіпкерлер мен халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға микрокредиттер мен гранттар беріледі.

Департамент директорының орынбасары Руслан Тілеубаевтың сөзінше, мастер-жоспарлар үй шаруашылықтары мен жергілікті кәсіпорындардың сауалнамалары негізінде жасалады.

Жалпы, 2022-2024 жылдары 163 мастер-жоспар әзірленеді.

«Мастер-жоспарлар негізінде кәсіпкерлерді қолдау «егістіктен сөреге дейін» өндірістік-өткізу тізбегін құру арқылы қамтамасыз етіледі. Өнім өндірушілер мен сатып алушылардың келісуі, ауыл кәсіпкерлерінің өнімін кепілді түрде сату және сатып алу қамтылады», – деді ол.

Департамент директоры орынбасарының айтуынша, аталған жоба шеңберінде жыл сайын 30 мың адамды, оның ішінде кемінде 6 мың жас азаматты кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған.

Оқуды аяқтаған және бизнес-жоспарын қорғаған қазақстандықтар жеңілдікті шарттармен мемлекеттік гранттар мен микрокредиттер алуға мүмкіндік алмақ.

«Бұл ретте, жастардың 20 мыңға жуық өкілін және азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын жыл сайын гранттармен қамту жоспарлануда. Ал жеңілдікті шарттармен микробизнес ашу және отбасылық фермерлік шаруашылықтарды өндірістік-өткізу тізбектеріне біріктіру үшін аудандардың мастер-жоспарлары жасалып, соның негізінде берілетін болады. Сондай-ақ грант алушылардың санаты да қайта қаралды. 2022 жылдан бастап гранттар жастарға, жұмысқа қабілетті мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы мүшелеріне және қандастарға жеке кәсіпті ашу мақсатында беру жоспарланып отыр», – деп толтықтырды Руслан Тілеубаев.

Оқу 14 облыста, 160 ауданда іске асырылады, сондай-ақ моноқалалар мен облыс орталықтары, республикалық маңызы бар елорда, Алматы, Шымкент секілді қалалар қамтылған. Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында жоба бойынша оқыту «Atameken Academy» платформасында онлайн форматта өтеді.

Бұдан бөлек, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов биыл аталған жоба «Бастау 2.0» жаңа форматында жүзеге асатынын атап өтті. Оның аясында өнім өндіру кезеңдерінің технологиялық карталары әзірленеді.

Бұл технологиялық карталар сұранысқа ие бағыттар бойынша халықты кәсіпкерлікке оқытуға және жаңа салаларды таңдауға көмектеседі.

Кәсіпкерлердің дағдыларын дамыту

Кәсіпкерлердің қажеттілігі бойынша дағдыларын дамыту жөніндегі міндет шеңберінде Ұлттық жобада жұмыс берушілердің сұраныстарына сәйкес, оқу ұйымдарында да, тікелей жұмыс орындарында да білім беру, сондай-ақ талап етілетін дағдыларды онлайн оқыту көзделіп отыр.

«Осылайша, жұмыс берушілердің сұрауы бойынша білім беру ұйымдарында оқу үшін өңірлік кәсіпкерлер палаталары мен жергілікті атқарушы органдарды тарта отырып, өңірлік бөліністе сұранысқа ие кәсіптер бойынша қажеттілікті жыл сайын айқындау көзделетін болады. Жыл сайын 11 мың адамды оқыту жоспарланып отыр. Олар оқу ақысын төлеу бойынша мемлекеттік қолдаумен, стипендиямен, жол жүруге материалдық көмекпен, тұрумен және медициналық тексеруден өтумен қамтамасыз етіледі», – деді Руслан Тілеубаев.

Жыл сайын 5 мыңға дейін адам жұмыс орнынынан оқуға жіберіледі. Олар оқу аяқталғаннан кейін жұмыс беруші қызығушылық танытқан жағдайда тұрақты жұмысқа қабылданады.

Талап етілетін дағдыларды онлайн оқыту skills.enbek.kz платформасында жүзеге асады.

Онда сұранысқа ие кәсіптер мен дағдыларды ескере отырып, қысқа мерзімді онлайн курстардың легі қалыптасады. Жыл сайын 20-35 мың адамды оқыту жоспарланған.

«Электронды еңбек биржасында түйіндеме орналастыру немесе бос жұмыс орындарын іздеу кезінде өтінім беруге және курстан өтуге болады. Ізденушіге тиісті өтінім беру жеткілікті. Курс аяқталғаннан кейін және жұмыс беруші талап ететін дағдыларды игергеннен кейін жұмыс іздеуші дағдыларды игеру туралы сертификат алады және ашық бос орынға өтінім қалдырады», – деп атап өтті Руслан Тілеубаев.

Оның мәліметінше, 5 жыл ішінде қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 205 мың азамат қамтылмақ.

Ал 2025 жылға қарай оқудан кейін жұмысқа орналастыру деңгейі 52-ден 80%-ға дейін өседі деп жоспарланған.


Назерке Сүйіндік


Жоғары қарай