Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Каспий жағалауының туристік әлеуетін дамыту бағытында қандай жұмыстар қолға алынған

2020 жылдың 23 қыркүйек 2020 22:34

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Елімізде туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында туристік әлеуетке талдау жасалып, маңызды нысандар мен өңірлер анықталды. Іріктеу кезінде олардың туристік тартымдылығына басымдық берілді. Үздік өңірлер қатарына Алакөл, Балқаш көлдері, Щучинск-Бурабай курорттық аймағы, Түркістанмен бірге Маңғыстаудың да енгені хабарланған еді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жуырда Маңғыстау облысына сапары барасында Каспий жағалауындағы курорттық аймақта жаңа жұмыс орындарының құрылуы ерекше маңызға ие екенін айтқан болатын. Мұнайлы өлкенің туристік әлеуетін дамыту бағытында қандай жұмыстар қолға алынды? ҚазАқпарат тілшісі Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязовпен сұқбат құрды.

Карантин кезінде қазақстандықтар үшін Каспий теңізі Түркиядан кем түспеді десек те болады. Әншілер мен блогерлерден бастап, қарапайым халыққа дейін Ақтауға ағылғаны рас. Облысқа келген қонақтарды орналастыратын қонақүйлердің жағдайы қандай?

– Біз Каспий теңізі арқылы 5 мемлекетпен шектесеміз. Сондықтан аймақ өзінің туристік әлеуетін барынша іске асырғысы келеді. Кез-келген ұсыныстарға ашықпыз. Бізде сакралды, этно, теңіз жағалау туризмі бар. Жалпы туризм - экономикамыздың басым бағыттарының бірі. Облысқа келген қонақтарды қабылдайтын 92 орналастыру орны бар. Тек қана Ақтау қаласындағы қонақүйлерге тоқталсам, 5 жұлдызды – 4; 4 жұлдызды – 2; 3 жұлдызды - 9 2 жұлдызды 7 қонақүй кешені бар. Бұдан бөлек, ірілі-кішілі 70 орналастыру орны бар. Сонымен бірге қазір әлемдік атауы бар «Holiday INN Аktau» қонақүйі кешенінің аквапаркі ашылды. Аквапарк іске қосылған кезде 50 жаңа жұмыс орны ашылды. Инвестиция құны - 1,6 млрд. теңге. Достар қонақүйі инвестиция құны 2 млрд теңге. Осындай әлемдік брендттердің қызығушылығын, мемлекеттің қолдауын сезінген жергілікті кәсіпкерлер туризм саласына сеніп жаңа жобалар іске асыруға кірісті.

Ең танымал және бағасы жағынан да ең қымбаты – «Rixos» қонақ үйі екені даусыз. Көпшіліктің қызығушылығына ие болған кешеннің құрылысына аз ақша бөлінбегені анық. Жоба авторларына облыс әкімдігі тарапынан қандай да бір жеңілдік жасалды ма?

– Дұрыс айтасыз, «Rixos Water World Aktau» кешені облыстың туризм саласындағы якорлық жобасы болуы анық. Оның мультипликативтік әсері зор.

«Rixos Water World Aktau» кешенінің арнайы экономикалық аймақта орналасуы жобаның сәтті жүзеге асу»ына ықпал етті. Осылайша, арнайы экономикалық аймақтың жұмысы әлеуметтік-экономикалық нәтижеге қол жеткізді және инвестицияларды тартуға қолайлы алаң екенін көрсетті. Осы жобаға құйылған инвестиция көлемі - 68 млрд. теңге. Қонақ үй ашылғаннан бері қабылдаған және қызмет көрсетілген адамдар саны - 43 942 адам. Оның ішінде - 14 982 бала бар. 660 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Оның 99% жергілікті тұрғындар. Қазақстандық туркомпаниялармен 13 келісімшарт жасалды. 140-тан астам кәсіпкермен келісімшарт жасап, жергілікті ауыл шаруашылығының өніміне, клининг қызметіне, транспорт және тағы басқа экономика салаларының жұмысына оң әсер тигізді. Сонымен қатар, қонақүйге келгендер біздің өлкенің көз тартымды жерлерін, табиғатын, тарихи-мәдени, туристік жерлерін тамашалау үшін туристік маршруттарды белгіледік. Олар Қарақия ауданы «Бозжыра» шатқалы бағыты, Түпқараған ауданы бойынша – «Сартас» бағыты, Маңғыстау ауданы бойынша – «Көгезэтноаулы» бағыты.

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысы еліміздегі туризм саласындағы перспективалы өңірлердің бірі екенін айтып, өңірдегі туризм саласын дамытуға баса күш салуды тапсырған болатын. Аталған бағыттағы жұмыс нәтижелері қандай?

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2018 жылдың тамыз айында Ақтау заманауи теңіз курортына айналуы тиіс деген тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің 2019 жылғы 31 мамырдағы қаулысымен, Қазақстан Республикасының туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Маңғыстау облысы Топ 10 перспективті туризм аймағы қатарына енді. 2019-2020 жылдары жылы жағажайдың инфрақұрылымын дамытуға 17 млрд тенге бөлініп, 31 шақырым жол, 10,5 шақырым тоқ, 58 шақырым газ, 56 шақырым су тарту құрылысы жүргізілуде. 2020 жыл Маңғыстау үшін ерекше жыл болып саналады, себебі алғашқы жарты жылдың өзіндеТуризм саласы бойынша инвестиция көлемі 68 млрд. теңгені құрап, 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 79 есеге өсті.

Ал алдағы жылдарға қойған жоспарларыңыз қандай? Өңірде қанша демалыс орны ашылады, оларға салынатын инвестиция көлемі қандай? Ең ірі деген неше жоба бар?

- Өңірде 2019-2022 жылдары аралығында «Жылы жағажай» аумағында 30,5 млрд. теңге болатын 5 туристік жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде 800 жаңа жұмыс орны ашылады. Атап айтар болсам: «Фламинго Резорт» демалыс базасын қайта құрылымдау (Инвестиция көлемі – 12,9 млрд. теңге. Ашылатын жұмыс орны - 290), «Нұр» сауықтыру кешенінің» құрылысын салу (Инвестиция көлемі –9,5 млрд. теңге. Ашылатын жұмыс орны – 240), «Assyl Aktau» қонақүйі кешенінің құрылысы (Жоба құны - 6 млрд. теңге. Ашылатын жаңа жұмыс орны – 130), «Seaside Palace» демалыс аймағының құрылысы (Инвестиция көлемі – 2,1 млрд. теңге. Ашылатын жаңа жұмыс орны – 90), «Сартас» визит-орталығын салу» жобасы (Инвестиция көлемі – 248 млн. теңге. Ашылатын тұрақты жұмыс орны – 40. Қуаттылығы – жылына 35-40 мың турист).

Киелі Маңғыстау қыры-сыры ашылмаған тарихи-мәдени орындармен, ландшафтармен қасиетті жерлердің алуан түрімен, атадан қалған салт-дәстүрлерге берік ұстануымен ерекше екені белгілі. Бүгінде өңірде қанша мәдени ескерткіш бар?

- Өңірде мемлекеттік тізімде тұрған 590 ескерткіш бар, оның 20-сы Республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіш,оның 4-еуі қала құрылысы және сәулет, 16 - ансамбльдер мен кешендер. Олардың қатарында Бекет ата жерасты мешіті және көне Бейнеу қорымы, Шопан ата жерасты мешіті және қорымы, Сисем ата қорымы, Шақпақ ата жерасты мешіті және қорымы, Масат ата жерасты мешіті және қорымы, Қараман ата жерасты мешіті және қорымы, Қамысбай қорымы және т.б. бар.

- Сұқбатыңызға алғыс білдіремін!


Жоғары қарай