Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 375.87
EUR 406.24
RUB 5.84
CNY 53.45

Қасым-Жомарт Тоқаев браконьерлердің қолынан қаза тапқан азаматтың отбасына көңіл айтты

2019 жылдың 23 шілде 2019 16:46

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев браконьерлердің қолынан қаза тапқан азаматтың отбасына көңіл айтты. Бұл туралы Қазақстан Президенті twitter-де жазды.

«Браконьерлермен арпалыста ерлікпен қаза болған қорықшы Қаныш Нұртазиновтың жақындарына шынайы көңіл айтамын. Қаскөйлер ұсталып, жауапқа тартылады. Киіктерді атқаны үшін жазаны күшейту қажет. Қаза тапқан Қ.Нұртазинов марапатталатын болады. Егерь С.Оспановтың сауығып кетуін тілеймін»,-деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Ақмола облысы Жарқайың ауданында инспекторлар табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандардың алдын алу шарасын жүргізіп, киік ату фактісін анықтаған. Заң бұзушылардың ізіне түскенде 10 өңірге – Қостанай облысына тиесілі ақ түсті «Нива» маркалы автокөліктен (мемлекеттік нөмірі белгісіз) оқ атылып, екі инспектор жарақат алған.

Кейінірек ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет жарақат алған браконьерлердің бірінің қайтыс болғаны туралы хабар таратты.

Сондай-ақ браконьерлердің қолынан қаза тапқан инспектордың артында төрт баласы қалғандығы белгілі болды.

Ал ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев браконьерлер қолынан мерт болған инспектордың отбасына көңіл айтып, оның отбасына барлық қажетті көмектің көрсетілетіндігін жеткізді.

Ақмола облысы Жарқайың ауданының полиция бөлімі күдіктілерді іздеп жатыр.

Еске сала кетсек, жыл басында Қарағанды облысы Нұра ауданының аумағында киік атқан браконьерлер екі инспекторды жаралаған еді. Ауыр жарақат алған Ерлан Нұрғалиев 15 қаңтарда Астананың №1 ауруханасында көз жұмды.

Жоғары қарай