Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қасым-Жомарт Тоқаев Иранның жаңа сайланған Президентіне құттықтау жеделхатын жолдады

2021 жылдың 20 маусым 2021 12:44

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иранның жаңадан сайланған Президенті Ибрахим Раисиге құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ибрахим Раисиді Иран Ислам Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан құттықтады.

– Сайлаудағы айқын жеңісіңіз – Отаныңыздың дамуын баянды, іргесін берік, мерейін үстем етуге бағытталған саяси бағытыңыз бен бағдарламаларыңызды қолдаудың, сондай-ақ, ирандықтардың болашаққа ұмтылысын өзіңізбен байланыстырып отырғанының жарқын көрінісі. Осы тұста, Иран Ислам Республикасы мен оның халқының игілігі мен кемел келешегін асыл мақсат тұтқан бастамаларыңыз бен қолға алған істеріңізге сәттілік серік болуына тілектестігімді білдіремін, – делінген жеделхатта.

Мемлекет басшысы Иранды Каспий өңіріндегі тату көрші және ислам әлеміндегі Қазақстанның сенімді серіктестерінің бірі ретінде санайтынын айтты.

Сонымен қатар Президент екі ел арасындағы дәстүрлі достық пен өзара қолдау рухында қалыптасқан ынтымақтастықты сақтап қана қоймай, оған тың серпін, жаңа мән беретініне сенім білдіріп, екіжақты және көпжақты форматтардағы тығыз ықпалдастықты одан әрі нығайту үшін Иран Президентімен бірлесе күш жұмылдыруға дайын екенін нақтылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ибрахим Раисидің жауапты қызметіне толағай табыс, отбасына баянды бақыт, ал достас Иран халқына ырыс пен құт-береке тіледі.


Жоғары қарай