Ауа райы
Астана -14 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштерді дамыту перспективалары туралы айтты

2020 жылдың 8 қазан 2020 16:16

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысында өткен бейбіт оқу-жаттығу жиынында ел әскерінің келешегі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент қатысқан оқу-жаттығу жиынына десантшы-шабуылдаушы әскердің, әскери-әуе күштердің, әскери полицияның, әскери медициналық мекемелердің, Бітімгершілік дайындық жүргізу орталығы мен Минадан тазарту орталығының мыңнан астам әскери қызметшісі, 100-ден астам әскери және арнайы техника жұмылдырылды.

Жиында Жоғарғы Бас қолбасшы Қарулы Күштерді дамытудың перспективаларына арнайы тоқталды.

– «Екі мақсатты көздейтін» компоненттерді дамытуға басымдық беру қажет. Пандемиямен күрес тәжірибесі олардың сұранысқа ие екенін көрсетті. Атап айтқанда, біз әскери-көлік авиациясын дамытамыз. Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныш әскерлері өз міндеттерін орындауға әрқашан дайын болуы тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, мұндай әскерлерді заманауи техникамен жабдықтауға басымдық беріліп, бұл жұмысқа отандық кәсіпорындар тартылуы қажет.

Мемлекет басшысы әскерді басқаруда цифрлық технологияларды дамыту қажеттігіне, сондай-ақ, кибер және ақпараттық кеңістіктегі тактика мен әрекеттердің стратегиясын пысықтауға көңіл бөлді.

Жоғарғы Бас Қолбасшы сержанттар мен офицерлерді дұрыс дайындамаған және ынталандырмаған жағдайда қуатты Қарулы Күштер құру мүмкін емес деп есептейді.
Біздің басты міндеттеріміздің бірі – сержанттық құрамға кәсіби әскери білім беру ісін дамыту.

Бұл мәселені шешуде «Жас Ұлан» мектептерінің және Кадет корпусының барлық әлеуетін пайдалану қажет. Қалыптасқан жағдай командирлерге де ерекше талап қояды. Олар бақылаушы органдар тарапынан өткізілетін түрлі шараларға алаңдамай, қажетті бастама мен шешім қабылдау мүмкіндігіне ие болу керек. Егер әскери қызметшілердің тарапынан құқық бұзушылық деректері анықталса, олар заңға сәйкес қатаң жауапқа тартылуы тиіс. Бірақ командирлерді жұмыстарынан себепсіз ажыратуға жол берілмейді. Бұл мәселелер құқық қорғау жүйесін реформалау аясында қарастырылуы керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қарулы Күштердің заманауи әскери инфрақұрылымын және материалдық-техникалық қамтамасыз етудің логистикалық жүйесін құру қажеттігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында армияны және әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау мәселелері әрдайым мемлекеттің басты назарында болатынын атап өтті.


Жоғары қарай