Ауа райы
Астана 11 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 386.70
EUR 427.15
RUB 6.06
CNY 54.57

Қасым-Жомарт Тоқаев Жошы ханның есімін ұлықтау қажет деп неге айтты

2019 жылдың 25 тамыз 2019 14:40

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыруды тапсырған еді.

Мемлекет басшысы бұл мәселені неге көтеріп отыр, Жошы ханның тарихта алар орны қандай? Осы турасында ҚазАқпарат тілшісі Мемлекет тарихы институтының директоры, тарихшы, саясаттанушы Бүркітбай Аяғанмен тілдескен еді.

«Бұл өте революциялық маңыздағы әңгіме. Біріншіден, осы күнге дейін Алтын орда тарихы кереғар пікірде өркениетке кірмеген жабайылардың мемлекеті ретінде көрсетіліп келді. Ал, шын мәнінде Алтын орда Рус, француздар тарихы сынды адамзат өркениетіндегі маңызды мемлекеттердің бірі. Екіншіден, Алтын орданы моңғолдардың мемлекеті дейтін қате пікір бар. Бұл түркілердің, оның ішінде қазақ, татар, ноғай, өзбек сынды халықтардың құрған мемлекеті болатын. Басқа халықтар өз мемлекетін айтып отырғанда неге Алтын ордадан қашуымыз керек? Алтын орда, Ақ орда, Қазақ хандығы бір-біріне жалғасып жатыр», - дейді тарихшы.

Оның айтуынша, Алтын орда мемлекетінің мұрагері ретінде Жошы ханның кесенесін абаттандыру – біздің адами және ғылыми парызымыз.

«Ұлытаудағы кесененің Жошыға тиесілі екені күмәнсіз. Сол тұжырымға тоқтауымыз керек. Себебі, Алтын орда хандары Орыс хан, оның шын есімі Ақнияз, шайбанидтер, Әбілқайыр, Жәнібек пен Керей Жошы ханның басына барып тұрған. Онда Орда базар деген қала болған. Әмір Темір Еуропаға жорыққа шыққанда Ұлытаудан өтеді, жазбаларда сол кесене туралы айтылады. Орта ғасырдағы еуропалық саяхатшылардың жазбаларында, парсы-шағатай тіліндегі еңбектерде Ұлы ханның кесенесі деп көрсетілген. Олар тектен-тек бармаған шығар. Қалай дегенімен, Жошының аң аулап жүргенде мертігіп, қазақ даласында жерленгені рас. Дәл сол жерде болмаса да, сол маңайда жатуы мүмкін», - деді Б. Аяған.

Шыңғыс ханның ұлыстарын Бөртеден туған төрт ұлына бөліп бергені тарихта белгілі. Олардың біреуі Моңғолияда қалды, біреулері Иран мен Әзербайжанды басқарды. Ал Жошы қазақ даласын басқарды.

«Жошы ханның балалары көп болған. Бату, Орда Ежен, Тоқай Темірден қазақ хандары Жәнібек пен Керей тарайды. Мен қазір Ұлытаудан Сығанақ пен Түркістанға келдім. Менің мақсатым Алтын орда, Ақ орда, Қазақ хандығына қатысты материалдар жинау еді. Қызылорда облысындағы Сығанақтың жанында Көк кесене деген зират бар. Жошының ұрпақтары жатыр. Одан бөлек, төре тұқымдары Түркістанда, Көкшетаудағы Сырымбетте жатыр, Жәнібек ханның ұлы Қасым хан Атыраудағы Сарайшықта дамылдаған», - деп атап өтті ол.

Сонымен бірге, ғалым кесенедегі сүйекке генетикалық талдау жүргізуді ұсынды.

«Қазір популяциялық генетика саласы дамып жатыр. Бізде онымен Жақсылық Сәбитов деген ғалым, Оразақ Исмағұлов деген академик айналысып жүр. Тіпті Мысырдағы перғауындардың сүйегін анықтап жатқанда, Жошы хан беріректе өмір сүрген адам. Қазақстанда төре тұқымдары жеткілікті, Абылайдың ұрпақтары, Шота Аман Уәлихановтар бар. Генетикалық сараптама жасап, кесенедегі сүйектің кімдікі екенін анықтауға болады. Тарихшы ғалымдарды көптеген жаңалық күтіп тұр деп ойлаймын», - деді Б. Аяған.

Спикер Жошы хан кесенесінің мүшкіл халде тұрғанын жасырмады.

«Жошы ханның кесенесі темірмен ғана қоршалған. Маңайында жергілікті тұрғындар зират көтеріп жатыр. Ол үлкен қылмыс. Президенттің туристік орталығы туралы тапсырмасы өте орынды. Айтуға ұят, осы күнге дейін Жошы хан мен Алаша хан кесенесіне жол жоқ. Ұлытау ауданынан Жошы ханға жету үшін шамамен 15 шақырым ми даламен жүру керек. Біз егер Жошы хан кесенесін көтерсек, тоқтайтын қонақ үй, музей ашсақ, Қазақстан ғна емес, Орта Азия, Түркі елдері, тіпті әлем халқы жиналатын жер болар еді. Адамзат тарихында Наполеон сынды императорларға қарағанда Шыңғыс хан мен Жошы ханның еңбегі орасан. Бұл – әлемге тараған бренд. Сондықтан, Жошы хан кесенесі әлемдік деңгейдегі орталық бола алады», - деді Бүркітбай Аяған.

Айта кетейік, Жошы хан (1187–1227) — Шыңғыс ханның үлкен ұлы, Алтын орда хандығының негізін қалаушы. Жошы алдымен көптеген басқыншылық әскери жорықтарға қатысқан аса ірі әскери басшы ретінде танылады. Ол Шыңғыс әскерлерінің жорықтарына белсене араласты. 1206 жылы Шыңғыс хан керей, найман, меркіт тағы да басқа тайпаларды бір орталыққа біріктіргеннен кейін, Жошы әкесінің тапсырмасы бойынша жасағымен 1207-1212 жылдар аралығында Оңтүстік Сібірді, Алтайды, Шығыс Түркістан жерлерін өзіне бағындырды. 1211-1215 жылдары Қытайды жаулау жорығына қатысты.

1218 жылы Жошы жасағы Шыңғыс ханға бағынғысы келмеген меркіттерді қуа отырып, Ырғыз озенінің бойында Хорезм шаһы Мұхаммедтің алпыс мың әскерімен шайқасады. Жошы өзінің шебер қолбасшылық дарыны арқасында шайқасты тең аяқтады. Осы шайқастан кейін Мухаммед шаһ әскерлері Жошыға қарсы соғыс әрекеттерінен бас тартты. Осы шайқастан кейін Жошы Жетісудағы барлық қалаларды өзіне бағындырды. 1220-1222 жылдары Сырдария бойындағы Отырар, Сығанақ, Үзкент, Баршынкент, Жанкент қалаларын бағындырды.


Жоғары қарай