Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Қайырымды істер марафоны»: Алматы облысында 600 млн теңгеге көмек көрсетілді

2021 жылдың 30 тамыз 2021 16:46

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында жыл басынан бері 3000-нан астам қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Нәтижесінде 16 000-нан астам көп балалы отбасына көмек көрсетілді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұның барлығы «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобаның аясында жүзеге асырылды.

2020 жылдың соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында жалпыұлттық деңгейде «Қайырымды істер марафоны» жобасының ұйымдастырылатынын айтқан еді. Содан бері Жетісу жерінде ұлттық жоба жолға қойылды.

Осы уақытқа дейін, облыста мұқтаж отбасыларды әлеуметтік қолдау бойынша 1652 науқан, 1272 экологиялық акция, 76 жануарларға көрсетілген көмек және қорғауға бағытталған шаралар өткізілді.

Ұлттық маңызды жобаға айналған «Қайырымды істер марафонын» жергілікті меценаттар, 2 ЖОО, 52 колледж, мемлекеттік мекемелер, қайырымдылық қорлары, автоволонтерлер және еріктілер ұйымдары қолдады.

Нәтижесінде аз қамтылған отбасыларға және жалғызбасты қарттарға көмек көрсетілді. Әлеуметтік жағдайы төмен 89 отбасы баспаналы болды.

Солардың бірі Балқаш ауданының тұрғыны Мұхтар Дүмшебаев.

«Өңіріміздің мәрт азаматтарының арқасында үйлі болдық. Қанша жылғы арманымыз еді. Бір шаруашылықта 20 жыл еңбек еттім. Қарапайым шаруа адамымын. Осы кезге дейінгі еңбек ақталды. Қайырымдылықтың қайыры бізгеде тиді. Қуаныштымыз. Барша қол ұшын созған азаматтарға алғысымды білдіремін»,- дейді Мұхтар Дүмшебаев.

Алматы облысының жомарт жандары тек өңір халқына көмек көрсетіп қана қоймай, Маңғыстау облысында қуаңшылықтан шөп шықпай малдардың қырылуына байланысты қол ұшын созды. Олар, аймақ атынан гуманитарлық көмек ретінде 60 000-нан астам түк шөп жіберді. Жалпы алғанда «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында меценаттар мен волонтерлер барлығы 600 млн. теңгеге жуық көмек көрсетті.

«17 аудан мен 3 қалада өңірлік фронт-кеңселердің қызметкерлері волонтерлерді көбірек тарту үшін белсенді үгіт-насихат қызметін ұйымдастырады. Алдағы уақытта аталған жалпыұлттық жобаны жүзеге асыру жалғасын табатын болады»,-дейді Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Елдар Сапаров.


Жоғары қарай