Ауа райы
Астана -11 °С
Алматы -11 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қайырымдылық жасаудан адам рухани ләззат алады - Қоғамдық қор құрылтайшысы

2020 жылдың 3 желтоқсан 2020 19:43

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Мектепке жол» жобасы аясында соңғы бес жылда оқушылар 36 млн теңгенің оқу құрал-жабдығымен қамтамасыз етілді.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте «ШҰҒЫЛА» қоғамдық қорының құрылтайшысы Мейрхан Абдрахманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз белгілі бір әлеуметтік топтағы адамдарға көмектесеміз, олар: көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар. Оларға әлеуметтік жағынан, медициналық тұрғыда көмек көрсетеміз. Сондай-ақ, қайырымдылыққа қатысты бірнеше жобамыз бар. Соның бірі – «Береке» жобасы. Бұл жоба аясында біз азық-түлік сатып алып, қораптарға салып, әкімдіктен мұқтаж отбасылардың тізімін алып, таратамыз. Азық-түлік таратушылар өмірде қандай жағдай болуы мүмкін екенін көзбен көреді. Қайырымдылық жасау барысында адам рухани ләззат алады», - дейді «ШҰҒЫЛА» қоғамдық қорының құрылтайшысы Мейрхан Абдрахманов.

Оның айтуынша, ол қолға алған екінші жоба «Жылу сыйла» деп аталады.

«Бұл жоба арасында көмірге мұқтаж отбасыларға көмір таратамыз. 5 жыл ішінде Алматы облысында 3 млн 600 мың тонна көмір тараттық. Үшінші жобамыз отбасының отбасыға көмектесуіне негізделген. Жағдайы жақсы отбасыларда көп киім артылып қалады. Сол киім-кешекті қордың дүкеніне өткізеді. Ал мұқтаж адамдар сол дүкенге келіп, киім ала алады. 3-4 жыл ішінде 96 тоннадай киім-кешек тараттық. Сондай-ақ, «Мектепке жол» деп аталатын жобамыз бар. Соңғы бес жылда оқушыларды 36 млн теңгенің оқу құрал-жабдығымен қамтамасыз еттік. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға флюрографиядан тегін өтуге, МРТ-ға тегін түсуге көмектесеміз. Сал ауруына шалдыққан балаларға тегін массаж жасату және басқа да процедураларына көмектесеміз. Әлеуметтік салаға қатысты «Білім жолы» деген жобамыз бар. Бұл жоба аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын ҰБТ-ға дайындаймыз және ағылшын тілін үйретеміз. Биыл пандемия кезінде халықпен бірге 450 млн теңге жинап, шілде-тамыз айлары аралығында еліміздегі 380 медициналық ұйымға 4000 оттегі концентраторын тараттық», - дейді ол.


Автор Зарина Қаһарман
Басты сөздер: Қайырымдылық, Қоғам,
Жоғары қарай