Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақ әдебиетін дамыту жөнінде мемлекеттік тұжырымдама жасау керек – Ұлықбек Есдәулет

2021 жылдың 3 маусым 2021 15:24

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет қазақ әдебиетін дамыту жөнінде мемлекеттік тұжырымдама жасауды ұсынды және қоғамдағы рухани дағдарыс мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл ұсыныс Мәжілісте Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің «Жаңа ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдардың рөлі» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысында айтылды.

«Біз тәуелсіздік алғалы 30 жыл бойы ескі мен жаңаның шарпысуында ғұмыр сүріп, тұрмыс кешіп келеміз. Көзіміз жеткен анық мәселе: жаңа заманға, жаңа буынға жаңа қағидалар керек. Ал оны кім жасап береді? Идеологтарымыз асықпайды, философтарымыз әлі толғатып жүр. Ақындарымыз жедел толғап, жазушыларымыз бүгінгінің көркем шындығын жанының домнасында қорытып жазып жатыр. Бірақ, бүгінгі біз бастан кешіп отырған 4-индустриялық революция дәуірінде, интерактивті заманда оқырманнан жаппай көрерменге айналып бара жатқан жас буынға олардың еңбектерін қалай оқытамыз? Ел экономикасының нарыққа көшуі және сол тұста көркем әдебиетке мемлекеттік қамқорлық-демеудің әлсіреуі қоғамда рухани дағдарысқа және қаламгерлер мәртебесінің өзгеруіне, ақыры қоғамның интеллектуалдық деңгейінің төмендеуіне әкеп соқтырды. Сондықтан да, «Қоғамдағы коррупция сынды келеңсіз құбылыстар неден, қайдан туындап, неліктен өрістейді?» сұрағына мен «Әдебиетке жете көңіл бөлінбеуден!» деп жауап берер едім», - деді Ұ. Есдәулет.

Ақын мәдениеттің маңызды бір саласы, бағыты ретінде қазақ әдебиетінің рөлі артып келе жатқанын, тек әдебиетті қолдауға қатысты арнайы заңнаманың жоқтығы қолбайлау болып тұрғанын айтты.

«Рас, соңғы жылдары кітап шығару ісі жанданып, мемлекеттік сатып алу бағдарламасы арқылы әжептәуір қаламақы төлене бастады. Бірақ кітап таралымы әлі мардымсыз болғандықтан, ауылдық, аудандық кітапханаларға жетпейді, кітап саудасы мемлекеттік деңгейде жолға қойылмаған. Кітап басылымының тендерлік конкурстарын маманданған белгілі баспалар емес, ең арзан, төменгі баға ұсынған кездейсоқ кәсіпорындар жеңіп алып, полиграфиялық жағынан сауатсыз, сапасы төмен кітаптар шығару тоқтар емес. Және кітап дүкендері қазақ кітабын алмайды. Бұл кітап басу және сату ісіндегі үлкен олқылық. Осы мәселелерді заңмен реттеу керек. Ал сіз бен бізге ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлттың сапасын арттыру міндеті жүктеліп отыр», - дейді Жазушылар одағының төрағасы.

Сонымен бірге, спикер ұлттық болмыстың ғасырлар бойы қалыптасатынын, оны бірден жаңғыртып-өзгерте қою – күрделі процесс екенін жеткізді.

«Жаңа сапалы ұлт өкілі қандай болуы керек? Ұлы Абай сақтандырған жаман қылықтар бойымыздан асып, қоғамның дертіне айналған кезде ұлт болмысының жаңа қағидаттарын ұрпақ бойына орнықтыру мәселесін оның алғышарттарын жасаудан бастау керек дер едім. Әдебиеттің жаны –тіл. Ұлттық болмыстың, ұлттық менталитеттің негізі – ана тілінде. Ендеше жас ұрпаққа балабақша жасынан бастап, тәрбиені ең алдымен ана тілінде сіңіру керек. Одан кейін қанша тіл оқытса да сіңімді болады. Қазіргі сәбилердің тілі мультфильммен шыға бастады. Олар бас алмай көретін ең қызықты бейнекөріністің бәрі өзге тілде. Ендеше бізге өз тіліміздегі мультфильм арнасын неге ашпасқа? Онда ең алдымен үздік, қызықты, өнегелі мультфильмдер қазақшаланып, келе-келе отандық мультфильмдер өндірісін жолға қойып, дамытар едік. Әйтпесе, біз қорқып жүрген жаһанданудың бізге келгенін, біздің ұрпақтарымыз балабақша жасынан бастап әлдеқашан оның құрбанына айналып жатқанын әлі ескермей жүрміз», - деді Ұ. Есдәулет.

Ақын жаңа сапалы ұрпақ тәрбиелеу – Қазақстанның кемел болашағына жол ашу екенін айтып, Қазақстан Жазушылар одағы атынан бірқатар ұсыныс келтірді.

«Менің соңғы жылдар тәжірибесінен байқағаным, мемлекетіміз, оның ішінде Мәдениет және спорт министрлігі біздің Жазушылар одағының жұмысына көмектескісі-ақ келеді, бірақ біз қоғамдық ұйым болғандықтан тікелей қаржы бөліп беруге заңдық тетіктері жоқ. Сондықтан, Қазақстан Жазушылар одағының атынан мынадай ұсыныстар айтамын:

1.«Мәдениет туралы» Заңға әдебиетті қолдауға қатысты қосымша бап енгізілсе;

2. «Баспа ісі және кітап нарығы туралы» арнайы Заң қабылданса;

3. «Қазақ әдебиетін дамыту жөнінде мемлекеттік тұжырымдама» қабылдануы керек;

4. Қазақ тілінде мультфильм арнасын ашу;

5. Бүгінгі күн тәртібіне байланысты ұсыныс - «Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру жөнінде тұжырымдама» мен мемлекеттік бағдарлама қабылданса», - дейді Ұлықбек Есдәулет.

Жоғары қарай