Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 28 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қазақ елінде Абайдың мерейтойына дайындық қалай жүріп жатыр

2020 жылдың 12 маусым 2020 19:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстанда қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдығы атап өтіледі. Мерейтойға арналған іс-шаралардың жоспарында концерттер мен конференциялар ғана емес, ақынның туған өлкесін абаттандыру, музейлер, парктер, тіпті мектеп салу көзделген. «Primeminister.kz» сайтында мерейлі датаға еліміздің дайындығына қатысты шолу ұсынылған.

2019 жылғы сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Абайдың мерейтойын мерекелеудің ауқымды жоспарын әзірлеуді және арнайы құрылған комиссияға салтанатты іс-шараны тиісті деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.





Үкіметтің 2020 жылғы қаңтардағы кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті Абайдың 175 жылдығын мерекелеу жөніндегі іс-шаралардың тәжірибелік маңызы зор және идеологиялық мәні болуы тиіс екенін атап өтті.

«Біздің іс-шарамыз тұлғаны ұлықтауға бағытталған. Тіпті демеушілік қаражат арқылы да көп концерттер ұйымдастырып, шетелдік әртістерді тартудың қажеті жоқ. Менің ойымша, бұл шаралардың бәрін іскерлік деңгейде өткізу керек», — деді Президент.

Мерейтойдың ресми ашылу рәсімі 2020 жылғы 21 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласында «Астана Опера» театрында өтті.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтулы датаға дайындық барысын жеке бақылауға алды. Үкімет басшысы бірнеше рет Шығыс Қазақстан облысына барып, онда атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді.

Шығыс Қазақстан облысына соңғы сапары кезінде А. Мамин Абай атындағы алаңды, музей мен театрды реконструкциялау, Абай ауданының әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстарымен танысты.

Үкімет басшысы Абайдың 175 жылдығына жоспарланған Семейдегі және Абай ауданындағы тарихи-мәдени нысандарды жөндеу және жаңғырту жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

«Мерейтой мемлекеттік деңгейде аталып өтеді. Бұл шара Қазақстан халқы үшін үлкен идеологиялық және тарихи мәнге ие», — деді А. Мамин.

Абай туған өлке…

Ақынның кіші отаны — Абай ауданында дайындық жұмыстары толық көлемде жүріп жатыр. Ауданда жолдар жөнделіп, тарихи маңызы бар нысандар қалпына келтіріліп, жаңа құрылыстар салынып жатыр.





Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінде хабарлағандай, абаттандыру жұмыстары Абай ауданы, Сырт Қасқабұлақ ауылының жергілікті тұрғындары мен ақсақалдарының өтініші бойынша қолға алынған, онда 1945 жылы Абай Құнанбайұлы дүниеге келген.

Абайдың шығармашылығымен таныс әрбір адам осы жерге қажылық жасағанды жөн санайды.Сырт Қасқабұлақ ауылында бұлақ маңындағы аумақты көркейтіп, кірме жолды жөндеп, «Сырт Қасқабұлақ» стеласын орнатады. Әзірлеушілердің ойынша, ескерткіш белгі орнатылатын аумақ, оның нобайы домбыра түрінде болады, әсіресе биіктен ерекше байқалатын болады.

Бүгінгі таңда мұнда мемориалдық кешенді салу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр, алаңды жоспарлау жұмыстары аяқталды, жиектастар орнатылды, кеспе тастар төселуде. Материалдар сатып алынды, ағаш отырғызу аяқталды, 60 м қоршау орнатылды. Объектіге 15 адам және 4 техника жұмылдырылған. Жұмысты 2020 жылғы 15 маусымға қарай аяқтау жоспарланған.

Бұдан әрі абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жалғастыру, Сырт Қасқабұлақ сыртының көркін жақсарту көзделген.

«Бұл қасиетті орын. Мұнда ұлы Абай дүниеге келген. Бүгінде абаттандыру жұмыстарының бірінші кезеңі орындалды. Жарты жылда үлкен өзгерістер болды. Абаттандыру жұмыстарының Мәңгілік бұлақтан басталуының мәні зор. Дәл осы жерден Абай жолы басталды», — деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов ауданға жұмыс сапары кезінде.

Ұрпақтар сабақтастығы мен дәстүрлі құндылықтарды сақтау үшін

Абайдың мәдени мұрасы мен оның қоршаған ортасы үшін өте маңызды нысан — Құнанбай әулетінің қорымы орналасқан Ақшоқы жері. Қазіргі таңда қорымды қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, ал жанына Құнанбай Өскенбайұлы музейі тұрғызылып жатыр. Нысанды 2020 жылғы 1 шілдеде пайдалануға беру көзделген. Облыс әкімдігінде жаңа музей Құнанбай әулетінің тарихын көрсететінін айтуда. Халық жаңа тұлғаларды танып, оның отбасы туралы толығырақ білетін болады.

«Басты міндет – ұлы ақынның ата-бабасына құрмет көрсету. Абай ата-анасының рөлін асқақтатып, бағалай отырып, біз халқымыздың дәстүрлі құндылықтары сақталып, арта түсетінін көрсеткіміз келеді. Музей – қазақ халқының дәстүрлі құндылықтары мен ұрпақтарының сабақтастығын сақтау үшін қажетті өте маңызды нысан», — деді аймақ әкімі Даниал Ахметов.





Сондай-ақ бүгінгі таңда «Абай – Шәкәрім» үй-жайларының аумағында ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 20 шілдеге дейін мемориалдық кешеннің батыс бөлігін абаттандыру мен көгалдандыруды (басты кіреберіс), инженерлік желілерді төсеу, кесенелер мен мешітті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау жоспарланған.

31 қазанға дейін мемориалдық кешеннің артқы жағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.

Қарауыл ауылында демеушілік қаражат есебінен мешіт пен қатымхана салынады. Демеушілер Абай ауданынан шыққан азаматтар. Аталған жұмыс бүгінде қолға алынған. Абай ауданының Қарауылтөбе ауылында Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын мерекелеу жөніндегі негізгі іс-шаралар басталғанға дейін жоспарға сәйкес жаңа мешіт аудан тұрғындары үшін ашылады.

Сондай-ақ мұнда домбыра түріндегі Абай атындағы саябақ салынуда. Құрылыс өткен айда басталды. Жұмыстарды жүргізу кестесі әзірленді және учаскені жоспарлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде 300 ағаш отырғызылып, 1700 тонна тасты жер және 2100 тонна құнарлы топырақ әкелінді. Қоршаулар орнатылды, электрмен және сумен жабдықтау жүйесінің траншеясын әзірлеу жұмыстары аяқталды. Электр сымдары мен су құбырларын салу жұмыстары басталды. Сондай-ақ 1500 м су құбыры төселді. Парк құрылысына 30 бірлік техника мен 70 адам жұмылдырылды. Барлық жұмыстарды осы жылдың 10 шілдесіне дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар бүгінгі таңда «Қарауыл төбе» ипподромы мен Қарауыл ауылындағы «Дала сахнасы» жөнделіп жатыр.





Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнда қонақтар үшін визит-орталық салынады.

1 тамызға қарай Абай ауданында 300 орынға арналған мектептің құрылысы аяқталады

Қарауыл ауылында 300 орындық орта мектептің құрылысы жоспардан жылдам жүргізіліп жатыр. «Азия» фирмасы» ЖШС техникалық директоры Серік Мамоновтың айтуынша, аталған жұмысқа 80-ге жуық адам тартылған.





«Қабырғалардың кірпішін қалау және сумен, электрмен жабдықтау коммуникацияларын салу аяқталды. Шатыр салу, жылу жүйесін жүргізу мен ішкі әрлеу жұмыстарын мерейтойды атап өтуге үлгеру үшін 1 тамызға дейін аяқтауды көздеп отырмыз», — деді С. Мамонов.





Құрылыстың жалпы ауданы 6 мың м2 құрайды. Мектепте 400 орынға арналған акт залы, спорт залы, асхана, модульдік қазандық, спорт алаңы және жасыл аймақ бар. Оқу орнында АТ білім берудің, роботты техника мен мультимедиялық журналистиканың арнайы сыныптары жұмыс істейтін болады.

Семейде Абай алаңын қайта жаңарту жұмыстары атқарылып жатыр

Семейде Абай алаңын ауқымды түрде реконструкциялау жұмыстары қолға алынған, жақында толықтай жаңартылады.

Қала әкімдігінде жоба бойынша жиектастарды жаңарту, ойшылға арналған ескерткішті көркемдік жарықтандыру, сондай-ақ балалар мен спорт алаңдарын, автомобильдерге арналған тұрақ салу, фонтан қою көзделгенін атап өтті. Мердігерлер барлық жұмыстар шілде айына дейін аяқталатынына сендірді.





Ұлы ақынның құрметіне аталған театр да толық жаңартылады. Жөндеу жұмыстарына қаражат өткен жылдың қыркүйек айында бөлінді. Шатырдың жұмсақ жабынын, қасбетін жөндеу, баспалдақтарды жаңарту және аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстарына облыс әкімі, қала әкімі, облыстың мәдениет басқармасы қатаң бақылау жүргізіп жатыр. Абайдың 175 жылдығына орай ең маңызды іс-шаралар Семей театрында өткізіледі.

Театр іші де өзгереді. Екінші қабаттың фойесі мүлдем басқаша жаңартылады. Көрермендер залы да басқа түрге енеді. Абай мерейтойына орай театр әртістері жаңартылған сахнаға шығады, қазіргі уақытта жұмысшылар жаңа жабынды төсеп жатыр. Сахна артындағы орындарда — грим жасайтын бөлмелер, дайындық жасау, әкімшілік бөлмелерінде де жөндеу жұмыстары басталды.





Абай музейінде де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Музей аумағында ұлдарымен бірге тұрған ақынның жаңа ескерткіші орнатылады. Мұндай ескерткіш еш жерде жоқ. Абай алғаш рет өзінің ең жақын адамдарының ортасында бейнеленеді. Бұл жерде ол өз отбасын сүйетін адам кейпінде болады, және оның балаларының бейнесі — бүкіл қазақ халқын сипаттайды.


Жоғары қарай