Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақ халқы бай тарихы мен мәдениетін кесте өнеріне сіңірген - Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

2020 жылдың 26 шілде 2020 10:23

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА шет елдерде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Карантин кезінде балмұздаққа сұраныс артты - ТРТ





Сovid-19 індеті себепті көшеге шығу шектелген кезеңдерде адамдардың ең көп балмұздақ жегені байқалды, деп жазады түркиялық БАҚ.

Түркия Радио Телевизия порталының хабарына қарағанда, азық-түлік, үй және жеке тазалық өнімдерімен танымал Unilever компаниясы маусым айына дейінгі 3 айда балмұздақ сатудың 26 пайызға артқанын мәлімдеген. Көшеге шығу шектелген кезеңде сусабын және дезодорант сияқты өнімдерге сұраныс азайған.

Сондай-ақ, карантин кезеңінде үйде қолданылатын азық-түлік, шай, дезинфекциялық өнімдер мен басқа да тазалық өнімдеріне сұраныс артқан.

Өзбек және қытай ғалымдары бірлесіп, антисептиктің жаңа технологиясын жасады - ӨзА





Генетика және өсімдіктер эксперименталды биология институтының зертхана меңгерушісі Бахтияр Расулов бастаған бір топ ғалымдар қытайлық әріптестерімен (ҚХР Физика және химия институты) бірлесе нанобиоматериалдар жасап шығарды. Бұлардың адамда әртүрлі ауруларды тудыратын патогендік микроорганизмдерге қарсы тиімділігі дәлелденді, деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Өзбекстан Ғылым академиясы бұл туындыны медицинада және ауыл шаруашылығында дақылдардың фитопатогендік саңырауқұлақтарына қарсы күреске қолдануға болатынын мәлімдеген.

«2012-2018 жылдар аралығында екі институтпен бірлесіп бактериялық полисахаридтерге нанобөлшектерді енгізу арқылы жаңа нанобиоматериалдарды алу бойынша бірқатар ғылыми жобалар жүзеге асырылған. Соның нәтижесінде бактериялық полисахаридтер нанобөлшектері бар нанобиоматериалдар өндіруде кеңінен қолданылады. Өйткені олар нанотехнологияда матрица ретінде қолданылатын басқа құралдарға қарағанда адам ағзасына зиянды әсер етпейді. Жоба аясында зерттеушілер бактериалды биополимерлерді де қолданды», деп жазады ӨзА.

Нанобиоматериалдың бұл түрінің тағы бір маңызды ерекшелігі - олардың вирустарға қарсы тез әрі тиімді әрекет етуі. Қазіргі уақытта нанобөлшектерді вирустарға қарсы қолдануды зерттеу жобасы талқылануда.

Қазақ халқы бай тарихы мен дәстүрлі мәдениетін кесте өнеріне сіңірген - CNR





«Кесте - қазақтың тұрмыстық мәдениетіндегі терең мәнге ие әшекейлеу өнері. Қазақтың үстіне киетін шапаны, көйлегі болсын, әлде бас киімі, аяқ киімі, дорба және сәкіге жабатын жапқыш, бөлме ішіндегі кез келген жабдықтың кестеге қатысы жоғы болмайды. Сондықтан қазақ ұлтының өмірі осы өнермен тікелей байланысты деуге болады», деп жазады Қытайдың «Орталық халық радиосы» .

Қазақ халқы күнделікті тұрмысы кесте тігуге және ою-өрнек салуға қатысты болады. Үй ішіндегі әр-алуан кесте өрнегінде кестешілердің шебер саусағының ізі қалған. Қазақ кестесі матадан дайындалған астарына өрнек салып, онан соң өздері дайындаған алуан түсті жүн жіппен ілу, шегу, кестелеу тәсілдерімен тігіледі.

Қазақ ұлтының үйіндегі кесте өрнектері күнделікті тұрмыспен тікелей қатысты болады. Қошқар мүйізді, сиыр мүйізді ою-өрнектер отбасының бақытты екенін, тұрмыстың шат-шадымандығын білдіреді. Көздің жауын алатын қазақи кестелерді тігіп бітіруге неше ондаған, тіпті жүз қанша күн уақыт жұмсайды.

Қазақ халқы ісімер де шебер қолдарымен бай тарихы мен дәстүрлі мәдениетін бір-бірлеп осы кесте өнеріне сіңірген.

Моңғолиялықтар қазақ дәрігерлеріне гуманитарлық көмек ұсынды - Kaznews





Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Жалғас Әділбаев Моңғолияның жергілікті «Мәулет қоры» және «exMed Made in Mongolia» компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды моңғолиялық Kaznews ақпарат порталы.

Аталған БАҚ келтірген дерекке сүйенсек, Қазақстанда COVID-19 індетінің таралу жағдайына байланысты аталған жергілікті мекемелердің бастамасымен Қазақстан Республикасы халқына гуманитарлық көмек ұйымдастырылған.

Атап айтқанда, гуманитарлық көмек ретінде дәрігерлерге арналған сақтандыру құралдарын, маска мен қолғапты елшілікке табыстаған.

«Өз кезегінде елші Қазақстан тарапының атынан моңғол азаматтарына алғыс айтып, болашақта аталған мекемелермен бірлесіп жұмыс істеуге ниет білдірді» деп түйіндейді kaznews.mn.

«Елтай» ауылындағы қазақи көрініс – ӨзА





Өзбекстанның «ӨзА» ақпарат агенттігі Науаи облысы Кенимех ауданындағы Елтай ауылнан фоторепортаж жасапты.

«Осы ауылдағы бүгінгі қазақи көрініс. 200-дей жан баласы тұрмыс кешетін бұл ауылдың тіршілік көзі - шаруашылық. Қаймағы бұзылмай салт-дәстүрді сары алтындай сақтап, саналы ұрпақ тәрбиелеп отырған осындағы қауымның күнделікті қарапайым келбеті» деп жазады агенттік.











Автор Бейсен Сұлтан
Басты сөздер: Қандастар, БАҚ,
Жоғары қарай