Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақ-қырғыз дипломатиялық қатынастарының тарихы кітабы жарыққа шығады

2019 жылдың 26 қараша 2019 18:20

БІШКЕК. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Қырғызстан ғалымдары дала өркениеті тақырыбын зерттеуді жалғастыруы тиіс.

Бұл туралы Бішкекте Қазақ-қырғыз зиялыларының IV форумында ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Болат Көмеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Адам баласына үлкен идеяны айтатын зиялы қауым, ғалымдар. Сол себепті өзін өзі құрметтейтін мемлекеттердің өз ғалымдарына үлкен құрметпен қарауы да заңдылық. Қазақ пен қырғыз халықтарының бойына сіңген үлкен құндылықтар бар. Ол – Ұлы Дала өркениетінің құндылықтары. Екі халық ғасырлар бойы тұмса табиғатпен үндесіп, үйлесіп ғұмыр кешті. Қоршаған ортаны көзінің қарашығындай сақтады. Қазақ пен қырғыз да бірлігін одан әрі бекемдей түсуі тиіс. Екі ел ғалымдары зерттеп келе жатқан және болашақта зерттеуді жалғастыратын ортақ тақырып – дала өркениеті. Дала өркениетінің ішінде қала да, мемлекет те, жазу да, мәдениет те бар»,– деді Болат Көмеков.




Өз кезегінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Зайнидин Курманов қазақ пен қырғыз халықтары туысқандығын жоғары құндылық ретінде бағалауы керек екенін атап өтті.

«Біз бауырлас көрші елдер ретінде бір-бірімізге үнемі назар аударып отыруымыз керек. Атап айтқанда, Халықаралық Түркі академиясы аясында тиісті ұсыныстарды жасадық. Бұл тұрғыда түркі республикалары мен халықтары арасындағы сыртқы саяси, дипломатиялық байланыстар зерттелген оқулықтар немесе монография жазған дұрыс болатындығы айтылды. Яғни ежелгі кезеңнен қазіргі уақытқа дейінгі аралықты қамтыған жөн», - деді З. Курманов.

Осы орайда ол Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдиновпен қазақ-қырғыз дипломатиялық қатынастарының тарихына арналған зерттеуді қамтитын кітапты жазуға уағдаласқанын жеткізді.




«Біз бауырлас ел болғаннан кейін тарихтарымызды өте жақсы білеміз деп ойлаймыз, алайда біз білмейтін маңызды деректер баршылық. Осы жайында тереңірек зерттесек, біздің достығымыз бен ынтымақтастығымыз нығая түседі деген ойдамын», - деді Зайнидин Курманов.




Осы орайда Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі диломатиялық қатынастар туралы зерттеулер жүргізу ұсынысы талқыланғанын еске салды.

«Сіздер ортақ жоба ретінде жүргізсеңіздер, біз кітап ретінде шығарып беруге дайынбыз. Бұл екі елдің арасындағы нақты жоба болар еді. Кітаптар дипломатиялық академияларда оқытылса, құба-құп болады деп ойлаймыз», - деді Д. Қыдырәлі екі елдің ғалымдарына қарата айтқан сөзінде.

Бүгінгі форум ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз еліне мемлекеттік сапары қарсаңында өтіп жатыр.

Жоғары қарай