Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ҚазАқпаратта нағыз талантты тілшілер қызмет атқарып келеді – ТАСС агенттігінің басшысы

2020 жылдың 13 тамыз 2020 15:00

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат – «ҚазАқпарат» ХАА ауқымды аудитория алдында ең беделді әрі сенімді ақпарат көзі ретінде абыройын сақтап келе жатқанына 100 жыл толып отыр. Бұл туралы өз құттықтауында Ресейдің «ТАСС» ақпарат агенттігінің Бас директоры Сергей Михайлов айтты.

«Құрметті Асқар Қуанышұлы, қымбатты әріптестер, достар!

Ресейдің ТАСС ақпарат агенттігі Сіздерді және «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің ұжымын бір ғасырлық мерейтойымен шын жүректен құттықтайды. ҚазАқпарат әлемнің жаңалықтар қызметтері арасында лайықты орнын алып отыр. Агенттіктеріңіз ауқымды аудитория алдында ең беделді әрі сенімді ақпарат көзі ретінде абыройын сақтап келе жатқанына 100 жыл толып отыр. Сіздер Қазақстан Республикасының өңірлік және әлемдік ақпарат кеңістігінде орын алуына қуатты негіз құрап отырсыздар.

Ұжымның кәсіби шеберлігін ерекше атап өткім келеді. Агенттікте бұрын да қазір де нағыз талантты, мықты тілшілер қызмет атқаруда. ТАСС пен ҚазАқпаратты тарихтың ортақ беттері ғана емес, бізді стратегиялық серіктестік біріктіріп отыр. Біздің жаңалықтар қызметтері арасында нағыз достық қатынас орнағанын мақтан етемін. Біздің тілшілеріміз, фото және видео репортерлеріміздің өзара ақпарат, тәжірибе алмасуы мен тығыз байланыста болуы қашанда олардың кәсібилігі мен жоғары жауапкершілігін танытқан. Әлемдік алаңда тұрақты кездесулеріміз жаһандық ақпараттық проблемаларды шешуге ортақ амалдар табуға мүмкіндік береді.

2020 жыл – Достастық халықтары үшін ерекше жыл. Біз Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 75 жылдығын атап өтудеміз. Осыған байланысты ТАСС пен ҚазАқпараттың ТМД Ақпараттық кеңесі аясындағы жемісті ынтымақтастығын атап өткім келеді. Жалпыақпараттық жобалар қашанда қолдауларыңызға ие болып келеді.

«ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің ұжымы алдағы 100 жылда да тамаша кәсіби дәстүрлерін сенімді түрде дамытып, журналистиканың ең жоғары стандарттарын танытып отыратынына сенімдімін.

Қымбатты әріптестер, «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» деген қазақ мақалы бар ғой. ТАСС ұжымы сіздерге ойлаған нәрсенің барлығының орындалуы мен ең өршіл бастамалардың іске асырылуын тілейді. Сіздерге амандық, гүлдену және жаңа шығармашылық табыстар тілейміз», - деді ТАСС агенттігінің Бас директоры.


Басты сөздер: БАҚ, ҚазАқпаратқа 100 жыл, Ресей,
Жоғары қарай