Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстан 2 мыңнан астам инвестициялық жобаны іске асырды – министр

2020 жылдың 18 қараша 2020 19:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан 100 млрд доллар көлеміндегі 2000-нан астам инвестициялық жобаны іске асырды. Бұл жобалар құрылыс саласына, химия өнеркәсібіне, мұнай-газ, денсаулық, әлеуметтік қызмет көрсету саласына қатысты болды. Бұл туралы «Экономика. Сауда. Инвестициялар» дағдарысқа қарсы бүкіләлемдік конференциясында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін «G-Global. ХХІ ғасыр әлемі» халықаралық конгресі аясында «Экономика. Сауда. Инвестициялар» дағдарысқа қарсы бүкіләлемдік конференциясы басталды.

Қатысушылар әлемдік экономиканың баяулауын, екіжақты сауданың дамуы мен өзара инвестицияны, әлемдік экономикалық өсімді қалпына келтіру, сондай-ақ макроэкономикалық мәселелерді талқылайды.

«2011 жылы 15 желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев G-Global халықаралық байланыс алаңын құру бастамасын көтерген болатын. Бүгінгі конгреске мықты сарапшылар қатысып отыр. Олар қазіргі уақыттағы әлемдік экономикаға қатысты пікірлерін айтады. Биыл бірінші жартыжылдықта әлемдік деңгейдегі тікелей инвестицияның шамамен екі есе немесе 2019 жылмен салыстырғанда 1,5 триллион долларға азайғанын аңғаруға болады. Дағдарыстың салдары әлемдегі барлық мемлекетке кері әсер етуде», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Оның айтуынша, Қазақстан да басқа мемлекет сияқты дағдарыстан зардап шегіп отыр.

«Әсіресе қызмет көрсету саласы, яғни шағын жәрте орта бизнеске тиісті дәрежеде қолдау көрсетіліп жатыр. Мысалы, жеңілдікпен несие беріліп, салық жағынан жеңілдік жасалып, несие мөлшерлемесі субсидиялануда. Бұл шаралар экономикаға қатысты жағымсыз салдардың алдын алады. Жалпы алғанда Қазақстан үкіметі әлеуметтік тұрақтылықты сақтап қалу үшін ішкі және сыртқы факторларға қатысты жүйелі мониторинг жүргізіп отыр. ішкі дағдарысқа қатысты дағдарысқа қарсы шаралар қолға алынды. Ол шаралар шағын және орта бизнесті, агроөндіріс кешенін, инфрақұрылымды дамытуға, халықты жұмыспен қамтуға бағытталған», - дейді ол.

Ол инвестициялық серіктестікті дамыту керектігін айтты.

«Қазақстанның инвестициялық жағдай жасауға, жоғары сапалы адам капиталын ұсынуға, жоғары технологиялық өнімдерді өз аймағында өндіру үшін жақсы инфрақұрылым ұсынуға дайын екенін сенімді түрде айта аламын. Қаржылық қызмет көрсету үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндігін пайдалануды ұсынамын. «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстанға ғана емес, басқа да мемлекеттерге қауіпсіз инвестиция құю үшін бүкіл жағдайды жасайды. Қазақстан 100 млрд доллар көлемінде 2000-нан астам инвестициялық жобаны іске асырды. Бұл жобалар құрылыс саласына, химия өнеркәсібіне, мұнай-газ саласына, денсаулық саласына, әлеуметтік қызмет көрсету саласына қатысты болды», - дейді Руслан Дәленов.


Жоғары қарай