Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстан әскерилері қазан айында қорытынды тексеруден өтеді

2020 жылдың 29 қыркүйек 2020 15:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қорғаныс министрлігінде аппараттық кеңес өтті. Оның барысында таяу кезеңге міндеттер қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Аппараттық кеңесте ең алдымен, басшылық құраммен өткен «Алдаспан-2020» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу қорытындысы шығарылды. Аталмыш оқу-жаттығуды өткізу барысында алынған тәжірибені белсенді енгізуге нұсқау берілді. Бұл, ең алдымен, әскерлер тобын қолдану формаларына, бөлімшелердің іс-қимыл әдістеріне және бағынысты күштер мен құралдарды басқарудағы органдар жұмысына қатысты болмақ», - делінген ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәліметінде.

Жеке құрамды ауыстыру үшін арнайы операциялар барысында әскери-көлік авиациясын пайдалануды жетілдіру жолдары белгіленген. П арашютпен десант түсіруді қазіргідей тек тікұшақтардан ғана емес, Қазақстан армиясының еншісіндегі Си-295 ұшақтарынан да жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.





Десанттық-шабуылдау әскерлері мен Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы алдағы ірі іс-шаралар жоспарларын толық және сапалы іске асыру жөнінде тапсырма алды. Бұл Тілендиев ауылындағы оқу орталығында өтетін кешенді бітімгершілік оқу-жаттығуы мен «Алтын жебе» арнайы операциялар күштерінің компоненттерін тексеру.

«Іс-шаралар барысында немқұрайлылыққа жол беруге болмайды, барлық оқу-жауынгерлік міндеттер толық көлемде орындалуы тиіс», - деп атап өтті Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев.

Кеңесте полигондарда атыс пен оқу-жаттығуларды өткізу кезінде әскери қызметшілер мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша шараларды енгізу жөнінде нұсқау берілді.

Қарулы Күштер басшылығына Тыл және қару-жарақ бастығы жеке құрамның қысқы киім-кешекпен, ал әскери техниканың жанар-жағармай материалдарымен толық қамтамасыз етілуі туралы мәліметтер ұсынды.





Сондай-ақ Қарулы Күштерде әскерлерді қорытынды тексеру мерзімі белгілі болды. Қорытынды тексеру 5-16 қазан аралығында өтпек. Оған жеке құрамның 100 пайызы қатысады. Әрбір әскери қызметші нормативтерді орындау, сынақтар мен тест тапсыру қорытындылары бойынша өзінің кәсібилігі негізінде бағаланады. Бөлімшелердің жауынгерлік қабілеттілігі мен үйлесімділігі, командирлердің жеке құрамды басқара білуі есептік кезеңде өткізілген оқу-жаттығулардың нәтижелері бойынша бағаланатын болады.


Жоғары қарай