Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қазақстан бойынша 2480 ескі трактор кәдеге жаратуға жіберілген

2022 жылдың 27 қаңтар 2022 15:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кәдеге жарату алымын енгізген кезден бері 2480 трактор, 900 комбайн кәдеге жаратуға өткізілген. Бұндай мәліметті Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль құрастыру, арнайы және ауылшаруашылық машинажасау басқармасының басшысы Руслан Хисамутдинов келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдын ала деректері бойынша, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы құрылымдарының паркінде 141 мыңнан астам трактор, 36 мыңнан астам комбайн бар. Олардың тозу деңгейіне келсек, 80 пайызының «жасы» 10 жылдан асады. Осының бәрін ескеріп, қолдағы парктің жаңаруы 3 пайыздың айналасында екенін түсініп отырмыз. Біздегідей тозу жағдайында паркті жаңарту қарқыны жылына 6 пайыз болуы керек еді», - деді маман.

Министрлік өкілінің айтуынша, қолданыстағы кәдеге жарату алымының аясында ваучерлік тетік бойынша паркті жаңарту қарастырылған.

«Ескірген тракторлар мен комбайндарды өткізгендерге отандық техника сатып алу үшін жеңілдік немесе ақшалай өтем беріледі. Кәдеге жарату алымын енгізген кезден бері 2480 трактор, 900 комбайн кәдеге жаратуға өткізілген. Бір де бір комбайн мен трактор кәдеге жаратуға тапсырылған жоқ деген мәлімет айтылып жатыр. Соған байланысты айтып отырмын», -деді министрліктің басқарма басшысы Руслан Хисамутдинов.

Жоғары қарай