Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында биологиялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге шақырды

2021 жылдың 19 мамыр 2021 09:35

НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат - Қазақстанның Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Мағжан Ілиясов жаңа технологиялардың халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке әсеріне арналған «Аррия формуласы» бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына қатысты. Бұл туралы ҚазАқпарат СІМ сілтеме жасап хабарлайды.

Отырысқа қатысушылар жасанды интеллект, цифрлық технологиялар мен биотехнологияларды қоса алғанда, технологиялардың қарқынды дамуы мен қолданылуына байланысты әлем мен жаһандық қауіпсіздік үшін артықшылықтар мен сын-тегеуріндерді қарастырды.

Жаңа технологиялар адам прогресіне ықпал ететіні, COVID-19 пандемиясымен күресте, мониторингте, болжауда және қашықтықтан диагностикалауда маңызды рөл атқаратыны, ауыл шаруашылығындағы, көліктегі проблемалардың жаңа шешімдерін қамтамасыз ететіні, сондай-ақ 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Тұрақты даму саласындағы күн тәртібін іске асыруға ықпал ететіні атап өтілді.

Сонымен бірге, елдер арасындағы теңгерімсіз даму және өсіп келе жатқан технологиялық алшақтық, қару-жарақ саласында технологияларды бақылаусыз қолдану тәуекелдері осы саладағы халықаралық ынтымақтастыққа жаңа тәсілдер әзірлеуді талап етеді.

Отырысқа қатысушылар алдында сөз сөйлеген М. Ілиясов заманауи биотехнологияларды дамытуға байланысты тәуекелдерді атап өтіп, биоқауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге шақырды.

«Бүгінгі таңда биологиялық қаруды бақылау мәселелері 1972 жылғы биологиялық қару туралы Конвенциямен реттеледі. Бұл құжат шамамен 50 жыл бұрын қабылданған және содан бері оның мазмұны өзгерген жоқ. Бүгінгі күнге дейін бекітілген тексеру тетіктері бар биологиялық қауіпсіздік мәселелеріне жауап беретін толыққанды ұйым жоқ. Сондықтан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тікелей есеп беретін мамандандырылған орган – Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құруды ұсынды», – деді М. Ілиясов.

Ол БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясы барысында айтылған Қазақстан басшысының бастамасы биоқауіпсіздік туралы ғылыми деректерді жинау және қоршаған ортаға рұқсат етілмеген кіруді болдырмау үшін қолданыстағы биоматериалдарды бақылау үшін құзыретті халықаралық органды қалыптастыруға бағытталғанын айтты.

Отырысқа БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің 100-ге жуық өкілі, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Қарусыздандыру мәселелері жөніндегі Жоғары өкілі Изуми Накамицу, БҰҰ Бас хатшысының саясатты үйлестіру және мекемеаралық қатынастар мәселелері жөніндегі көмекшісі Мария Франческа Спатолизано және Стокгольм бейбітшілік мәселелерін зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Винсент Буланин қатысты.


Жоғары қарай