Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстан дамуының жаңа стратегиялық жоспары әзірленді

2020 жылдың 21 қазан 2020 20:34

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан дамуының 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарының алғашқы нұсқасы әзірленді. Бұл туралы бүгін Ақордада өткен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің бірінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент кеңестің келесі отырысында мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі жаңа тәсілдерді қарастыруды және осы мәселе бойынша шешім қабылдауды ұсынды.

«Біз әрбір салада мемлекеттің мақсаттары мен даму кезеңдерін айқындайтын бағдарламалық құжаттардың икемді архитектурасын құруымыз керек. Жүйе бюджетті жоспарлаумен байланыстырылады және мемлекеттік органдар басшыларының жүктелген міндеттің орындалуына тікелей жауапты екенін бекітеді. Жоғары кеңестің шешімдерінің орындалуын, ұлттық жобалардың жүзеге асырылуын, реформаларды жобалық басқару қағидаттарының енгізілуін қамтамасыз ету маңызды. Қазіргі кезеңде бұл – Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің негізгі міндеті», – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев орта мерзімді перспективадағы іс-қимылдарға негіз болуға тиісті ел дамуының 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарына назар аударды. Аталған құжатта дамудың жаңа күн тәртібі жасалады.

Мемлекет басшысы Үкіметтің Стратегиялық жоспардың алғашқы нұсқасын әзірлегенін, енді оны Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікпен бірлесіп, соңына дейін жеткізу және Жоғары кеңес мүшелерімен талқылау, сондай-ақ, соңғы нұсқасын келесі жиында Премьер-Министрге ұсыну қажеттігін атап өтті.


Жоғары қарай