Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстан елшіліктері жанынан «Абай орталықтары» ашылады

2020 жылдың 21 қаңтар 2020 15:42

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Абайдың мерейтойына қатысты жобалар биылғы жылмен ғана шектелмейді. Бұл туралы елордадағы Абайдың 175 жылдық мерейтойының ресми ашылуына арналған салтанатты шарада ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мерейтой аясында шет елдерде бірқатар маңызды шаралар өткізіледі. Қазақстанның елшіліктері жанынан «Абай орталықтары» ашылады. Бұл – әлемге ақынның еңбектері мен ұлттық құндылықтарымызды қатар таныту деген сөз. Ақынның ғибратты ғұмыры халқымыздың төл өнері – айтыс арқылы да кеңінен насихатталады. Біз ұлы Абайдың өсиетін мәңгі жадымызда сақтауға тиіспіз», - деді А. Райымқұлова.

Сонымен қатар ведомство басшысы Абайдың қастерлі мекені – әйгілі Жидебайды абаттандыруды шаралары қолға алынатынын атап өтті.

«Сол арқылы ұлы ақынның рухына тағзым етіп келетін жұртшылыққа лайықты жағдай жасаймыз. Мұндай қадам өңірде мәдени туризмнің дамуына тың серпін береді. Мерейтойға байланысты бұдан басқа да көптеген мәдени іс-шара өткізіледі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «ең басты мақсат – той тойлау емес, ой толғау екеніне» зор мән беріп отыр. Іс-шараларды өткізу кезінде ысырапшылдық пен науқаншылдыққа жол берілмейді», - деп тоқталды министр.

Оның сөзіне қарағанда, кейбір жобалар биылғы жылмен шектелмейді, яғни алдағы уақытта жалғасын табады.

«Жалпы, біз Абайдың мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын өте маңызды шара ретінде мән береміз. Абай мұрасы – жаңа Қазақстанның одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашатын баға жетпес құндылық. Ұлы ойшылдың өсиетіне әрдайым берік болсақ, ел ретінде еңселене түсеміз. Абай мерейтойы – Елбасымыз бастаған Рухани жаңғыру бағдарламасының өте бір маңызды бөлігі. Тұңғыш Президентіміздің бүгінгі осы іс-шараға қатысуы бүкіл Абай мұрасын дәріптеу жұмысына ерекше серпін беретіні сөзсіз. Халқымыздың бойтұмары – Абайдың өнегесін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – баршамызға парыз. Сондықтан ұлтымызды ұлықтайтын осындай игі бастамаға жұрт болып жұмыла білейік!», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгінгі салтанатты шарада Абай туралы бірнеше деректі фильм мен телесериал түсірілетіні айтылды.


Автор Руслан Ғаббасов
Басты сөздер: Мәдениет, #Аbai175,
Жоғары қарай