Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстан Елшісі Мәскеудегі Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте болды

2021 жылдың 4 наурыз 2021 12:43

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат – Елші Ермек Көшербаев бастаған Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің делегациясы Мәскеудің Зеленоград әкімшілік ауданындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №1912 орта мектепте болды, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Еске алу рәсімі кезінде дипломаттар мектеп ауласында орнатылған батырдың бюстіне гүл шоқтарын қойып, Б.Момышұлы мен аты аңызға айналған Панфилов дивизиясына арналған мектеп мұражайының көрмесімен танысты.

Оқытушылармен және оқушылармен кездесуде Е.Көшербаев қазақ батырының есімін есте сақтағаны үшін ризашылығын білдіріп, бүгінгі бейбіт өмірге қандай қиындықпен келгенімізді ұмытпауға шақырды. Сонымен қатар, жас ұрпақты елдің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін жанын қиған ерлердің ерлігі мен адалдығы үлгілері бойынша тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті.




Өз кезегінде мектеп директоры Андрей Курсаков қазақстандық әріптестерімен соғыс батырларының есімін мәңгі есте қалдырудағы бірлескен жұмыстары туралы айтып берді. Атап айтқанда, жақында Бауыржан Момышұлының 110 жылдығына орай тәжірибе және материалдар алмасу бойынша онлайн-конференция өтті. Сонымен қатар, мектеп музейінің көрмесін цифрландыру және жыл соңында қазақстандық мектептермен телекөпір ұйымдастырып, Мәскеу үшін болған шайқастың 80 жылдығын атап өту жоспарланып отыр.

8-сынып оқушысы Евгений Воробьевтің айтуынша, мектеп музейіне, Момышұлының өмірі мен қызметі туралы семинарларға тек өз оқушылары ғана емес, сонымен қатар жақын маңдағы мектептердің оқушылары да қатысады, ал өткен жылдың қараша айында Батырдың шайқастарының бағыттары бойынша экскурсия жасалды. «Мен Момышұлының жеке басына тәнтімін, ол көрнекті әскери және қоғам қайраткері болды. Оның әйгілі «Момышұлы спиралы» әскери тактикасына тек кеңес қолбасшысы Константин Рокоссовский ғана емес, сонымен бірге майдандағы қарсылас-неміс генералы Эрих Гепнер де жоғары баға берді», – деді Е.Воробьев.




Мәскеу қаласындағы Зеленоград округіндегі №1912 мектепке Бауыржан Момышұлының есімі 2010 жылы Жеңістің 65 жылдығы мен батырдың 100 жылдығын мерекелеу аясында Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің қолдаухаты бойынша берілді. Дәл осы мектепті таңдау Крюково кентінің маңында 1941 жылы Мәскеуді қорғау кезінде қанды шайқастар болғандығымен байланысты, онда құрамында Бауыржан Момышұлы соғысқан Панфилов дивизиясының жауынгерлері өшпес ерлік жасады. 2010 жылы Қазақстан Елшілігінің көмегімен Б.Момышұлы атындағы мектеп музейі құрылды, оның қола бюсті де осында орнатылды.








Жоғары қарай