Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қазақстан Елтаңбасы туралы не білеміз

2021 жылдың 19 желтоқсан 2021 15:54

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елтаңба – елдіктің, тәуелсіздіктің, мемлекеттіліктің ерекше белгісі, неміс тілінен аударғанда «мұра» немесе «енші» мағынасында айтылады. ҚазАқпарат агенттігі Қазақстанның Мемлекеттік елтаңбасы мен оның авторлары туралы маңызды деректерді ұсынады.

Қазақ жерінде алғашқы мемлекеттік бірлестіктер қашан пайда болса, елтаңбалар тарихы да сол кезден басталады. Басқаша айтқанда, елтаңба тарихы – мемлекеттің тарихы. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кез келген мемлекеттің елтаңбасы өзіндік ерекшелігімен бір елді екінші елден ажыратып тұрады.

Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері алғаш рет 1992 жылғы 4 маусымда үш бөлек заңмен бекітілді. Содан кейін бұл құжаттардың ережелері Мемлекет басшысының 1996 жылғы 24 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң күші бар арнайы Жарлығында жинақталды. Елтаңбаның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Жандарбек Мәлібеков 1942 жылы Қызылорда облысында туған. Ташкент политехникалық институтының сәулет өнері факуль т етін бітірген. Ташкент қаласындағы ғылыми-зерттеу жобалау институтының қала құрылысы шеберханасының жетекшісі, жобалар жөніндегі бас сәулетші болған. Оның негізгі жобалары арасында Әндіжан қаласының әуежайы, Ташкенттегі үкімет қонақ үйі, Ферғанадағы облыстық пошта, Самарқандағы облыстық әкімшілік, драма театрлар мен орталық кітапханалар, тұрғын үйлер бар. «Құрмет» орденінің иегері, Өзбекстанның Еңбек сіңірген сәулетші сі .

Жандарбек Мәлібеков «Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме» кітабында рәмізде халықтың арманы, философиясы, тұжырымдамасы мен қағидаттары бар екенін айтты.

«1992 жылдың басында тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік рәміздерінің ең үздік жобасына конкурс жарияланды. Ол кезде мен Ташкентте тұратын едім. Таныстар маған байқаудың шарттары жарияланған газетті берді. Мен толыққанды зерттеулермен салыстыруға тұратын өте ауыр, мұқият жұмыс жасадым. Мерзімі үш ай болды. Мен қазақ халқының тарихына, біздің елдің мәдениеті мен салт-дәстүріне терең ендім. Өз жұмысымда біздің рухани мұрамыздың тереңдігін көрсеткім келді. Жобамның мағынасын жақсы сөздермен жеткізуге болады: «Шаңырағың биік болсын, керегең кең болсын, босағаң берік болсын!» Қазақтар үшін ең бастысы – осы тілек-бата!», - деп еске алады Жандарбек Мәлібеков.

Сонымен бірге, Е лтаңбадағы негізгі элементтердің бірі – киіз үй. Киіз үй – адамзаттың ежелгі сәулет туындысы, тіпті Египет пирамидаларынан да көне екенін адамдар біле бермейді. Бұл мобильді тұрғын үй көптеген әлеуметтік мәселелерді шешіп отырды. Шаңырақ басқа да мағынада айтылады. Жастар үйленіп, отау құрған кезде киіз үй сыйға тартылады.

Шот-Аман Уәлиханов 1932 жылы Солтүстік Қазақстан облысында туған. Мәскеу мемлекеттік сәулет институтын бітірген. Қазақ қала құрылысын жобалау институтында, КСРО құрылыс және сәулет академиясы Қазақ бөлімшесінде сәулетші, кіші ғылымының қызметкері болған. Алматы қаласының бас сәулетшісінің орынбасары, Қазақстан Сәулетшілер одағы басқармасының төрағасы, КСРО Сәулетшілер одағы басқармасының хатшысы болған. ҚР Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы Орталық кеңесінің төрағасы әрі Халықаралық Абылай хан қорының президенті болған. Оның негізгі жұмыстары арасында Шоқан Уәлиханов, Әліби Жан г елдин, Тоқаш Бокин ескерткіштері бар және «Динамо» стадионы құрылысын жобалауға шығармашылық топ құрамында қатысқан.

«Елтаңба жасағанда біз адами рухты және ойды биік қоя отырып, қазақтың «Ша ң ырағың берік болсын!» деген ақ ниетінің терең мағынасын ескердік. Қанатты-мүйізді пырақтар бейнесі қазақтың арғы ата-бабасы болып есептелетін сақ жауынгері – «Алтын адамның» бас киіміндегі атрибуттардан алынды», - деп естелік қалдырған Шот-Аман Уәлиханов.

Шот-Аман Уәлиханов 2017 жылы ҚазАқпарат агенттігіне берген сұхбатында Елтаңба образын түсінде көргенін айтады.

«Бұл 1990 жылдың жазында, әлі Кеңес заманында еді. Өмір туралы, ел туралы көп толғандым. Елтаңбаның бастапқы образы түсімде көрінді. Үлкен ақ құс қанаттарын қаққанда жарқыраған күн дискісі пайда болады. Көзімді жұмып, қайта ашсам, күн шаңыраққа айналды. Таңертең түсімде көргенімді қағазға түсірдім. Бұл идея мені қатты қызықтырды. Қазақтардың тарихы, этнографиясы бойынша кітаптар оқыдым. Нәтижесінде ауқымды тарихи, археологиялық материалдар жинақталып, мазмұндалды, жүйеленді. Республика елтаңбасының көркемдік-бейнелік шешімі елдің дәстүрімен және тарихымен байланысты болуға, оның жаңа кезеңдегі дамуының ерекшеліктері мен гуманистік бағытын көрсетуге тиіс еді. Бір сөзбен айтқанда, өткен тарихтағы ұлттық рәміздерінің бай әсемдігі елтаңба бойынша елеулі жұмыс жасауға негіз болды», - деді Ш. Уәлиханов.

Ол кез келген түпнұсқа жұмыстың үш компоненттен – негізгі идеялық дизайн, композиция, экспрессивті құралдардан тұратынын атап өтті.

«Елтаңбаны жасау кезінде осы параметрлердің барлығын сақтадым. Елтаңбаның шеңбер пішіні де кездейсоқ емес, өйткені бұл мінсіздікке ең жақын фигураны көшпенділер ерекше бағалаған. Бұл өмірдің, мәңгіліктің символы. Кеңістігінде көпмәнді символдар біріктірілген шеңбер бір мезгілде ғарыш пен елдің бірлігін бейнелейді. Елтаңбаның басты лейтмотиві – шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі). Киіз үйде тұрған көшпенділер шаңырақ арқылы жұлдызды аспанды тамашалады. Оның аспан күмбезіне ұқсап қана қоймай, адамдардың санасында көрініс табуы – тіршіліктің маңызды элементтерінің бірі», - дейді Ш.Уәлиханов.

Аңыздағы қанатты тұлпарлар Мемлекеттік елтаңбадағы өзекті геральдикалық элемент болып саналады. Бағзы замандағы тұлпар бейнесі батылдықты, сенімділікті және ерік күшін танытады. Пырақтың қанаты Қазақстанның көпұлтты халқының қуатты және гүлденген мемлекет құру туралы ғасырлар бойғы тілегін аңғартады. Сонымен қатар, арғымақтың алтын қанаттары алтын масақты еске салады, қазақстандықтардың еңбексүйгіштігін және еліміздің материалдық игілігін танытады.

Республиканың Мемлекеттік елтаңбасындағы тағы бір деталь – бес бұрышты жұлдыз. Бұл символды адамзат ежелгі заманнан бері пайдаланып келеді, ол адамдардың ақиқат сәулесіне, барлық игі аңсарларға және мәңгілік құндылықтарға деген ұдайы ұмтылысын білдіреді. Мемлекеттік елтаңбада жұлдыздың бейнеленуі қазақстандықтардың әлемнің барлық халықтарымен ынтымақтастық пен серіктестік орнатуға ниетті ел болуға деген талпынысын танытады.

«Жұлдызшаға қатысты да оқиға қызық еді. Депутаттар тарапынан айтылған ұсыныс-тілектер, талаптардың барлығы орындалды. Түзетулер жасалды. Маған бұрынғы жобама қарағанда олқыланып қалғандай көрінді. Сүйтсем Президент Нұрсұлтан Әбішұлы да түзетілген Елтаңбаның сарқылып қалғанын байқапты. Сол кезде ол: «Құрметті депутаттар, бес жұлдызды бұрынғы совет билігімен еш шатастырмайық. Қазақтарда «Жұлдызың жансын» деген әдемі сөз бар. Біз әркімнің өз жұлдызы бар екеніне сенеміз және осындай жас еліміздің де өз жұлдызы болуы керек, әрі ол жарқырап тұруы керек деп санаймын. Біздің өз даму жолымыз бар» деді. Елбасының осы пікірінің өзі қосымша дауысқа салынып, нәтижесінде «Жұлдыз» өз орнына қайта оралды. Кешке Президенттің өзі қоңырау шалып, алып тасталған элементтерді Елтаңбаға қайта қалдыруды өтінді. Келесі отырыста комиссия төрағасы, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Салық Зиманов, ҚР тұңғыш Конституциясын қалаушыларының бірі Сұлтан Сартаев, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев сөз сөйледі. Бұл талқылаудағы басты тұлға да Президент Нұрсұлтан Назарбаев еді. Түптеп келгенде біздің мемлекеттік рәміздерімізді қорғауымыз оңайға соққан жоқ. Бірақ, бәрі де сәтті аяқталды», - дейді Ж. Мәлібеков өз естеліктерінде.

Елтаңбада қолданылған негізгі түс – алтынның түсі. Бұл – байлықтың, әділдіктің және кеңпейілділіктің символы. Сонымен қатар, көгілдір аспан түстес тудың түсі алтынның түсімен үйлесім тауып, ашық аспан, бейбітшілік және бақуат тіршілік ұғымдарын танытып тұр.

Жандарбек Мәлібековтың айтуынша, уақыт өте келе техника мен технологияның дамуы М емлекеттік рәміздердің нақтылығы мен мызғымастығына қойылатын талаптарды арттыра түседі.

«Мысалы, Елтаңбаның алғашқы эталонды үлгісі Алматы поршень зауытында қоладан құйылған болатын. 1997 жылы бұл эталонды үлгі мемлекеттік стандарттармен бірге салтанатты түрде Алматыдан Астанаға көшірілді. 2007 жылы біз компьютерлік тәсілмен мемлекеттік рәміздердің қазіргі стандартты жүйесін жасауға кірістік. Бұл жұмыс жеті жылға созылды. 2014 жылы Мемлекеттік Елтаңба стандартының жаңа үлгісі ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің «ҚР СТ 989-2014» белгісімен бекітілді. 2016 жылы 1 қаңтардан бастап ол қолданысқа енді. Осылайша, Мемлекеттік елтаңбаның эталондық стандартының түпнұсқасы мазмұнның сипаттамасымен және графикалық өлшемдермен нақтыланды. Бұл отандық геральдикалық ғылым мен гербтанудағы жаңа деңгей. Біздің әдемі Елтаңбамыз Т әуелсіз мемлекеттілігіміздің негіздерін одан әрі нығайтуға қызмет ететініне сенемін», - деп атап өтті Жандарбек Мәлібеков өзінің «Қазақстан Елтаңбасы» кітабында.


Жоғары қарай