Ауа райы
Астана -26 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстан халқы Ассамблеясынан Мәжіліс депутаттығына кімдер өте алады

2020 жылдың 21 қазан 2020 16:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан халқы Ассамблеясынан Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну 11 желтоқсанда басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2007 жылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының Парламент Мәжілісіндегі 9 депутатын сайлау конституциялық құқығы іске асырылуда. Сайлауға дайындық пен оның өткізуді қамтамасыз ету Орталық сайлау комиссиясына және Республикалық маңызы бар қалалық комиссияға жүктеледі. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы Ассамблея Кеңесіне тиесілі», - деп түсіндірді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ерлан Дауылбаев.

Оның сөзіне қарағанда, ҚХА-дан сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну биылғы 11 желтоқсанда басталып, сайлауға жиырма күн қалғанда, яғни 2020 жылғы 21 желтоқсанында жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады.

Қазақстан халқы Ассамблеясынан Мәжіліске ел аумағында соңғы 10 жыл тұрақты тұрып жатқан, жиырма бес жасқа толған, басымдықты сайлау құқығына ие, өтелмеген немесе алынбаған соттылығы жоқ, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін соттылығы жоқ Қазақстан Республикасының азаматы кандидат бола алады.

Сайлау алдындағы үгіт-насихат кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен, яғни 26 желтоқсанда сағат 18:00–ден басталады және сайлау болатын күннің алдындағы күні аяқталады.

Қазақстан халқы Ассамблеясынан ұсынылатын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында өткізіледі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев алдағы Мәжіліс депутаттарын сайлауға қатысты түсінік берді.

«Дәл осы заң шығарушы орган мемлекет тетігінде басым орынға ие және тек Парламент қана заң арқылы халықтың еркін білдіру құқығына ие. Мәжілістің 98 депутатын сайлау партиялық тізімдер бойынша жасырын дауыс беру арқылы жалпыға бірдей тең әрі төте сайлау құқығы негізінде жүзеге асырылады. Мәжілістің 9 депутатын халық бірлігін, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтудың негізгі институты болып саналатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды», - деді Имашев.


Жоғары қарай