Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 435.54
EUR 473.08
RUB 5.76
CNY 61.64

Қазақстан кен орындарын барлауға 780 млрд теңге инвестиция тартпақ

2020 жылдың 18 ақпан 2020 09:54

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан кен орындарын барлауға 780 млрд теңге инвестиция тартпақ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Геологиялық барлаудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасын таныстырған ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұсынылып отырған бағдарламаның негізгі мақсаты – еліміздің минералдық-шикізат базасын дамыту, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру және тұрақты толықтырылуына жағдай жасау. Бағдарламада негізгі 7 міндет белгіленді. Бірінші, Қазақстан аумағының геологиялық зерттеу дәрежесін арттыру. Бұл үшін геологиялық барлаудың дәстүрлі әдістерімен қатар, терең қабаттарда орналасқан кен объектілерін анықтауға мүмкіндік беретін геофизикалық зерттеулердің жаңа озық түрлері мен Жерді қашықтықтан зондтау қолданылатын болады«, - деді ол.

Министрдің айтуынша, екінші, инералды-шикізат базасын толықтыру, яғни, пайдалы қазбалар қорының өсімін ұлғайту, үшінші, ғылыми-зерттеумен қамтамасыз ету, төртінші, саланы ақпараттандыру және цифрландыру, бесінші, геология саласының инфрақұрылымын дамыту, алтыншы, кадрлармен қамтамасыз ету, жетінші, ел тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын қамтамасыз ету.

Сонымен қатар, ол мемлекеттік бағдарлама аясында аз зерттелген шөгінді бассейндердің мұнай-газ потенциалы бағаланатындығын, қатты пайдалы қазбалардың геологиялық зерттеулері, бірінші кезекте, моноқалалар маңындағы терең қабаттардың перспективаларын анықтау үшін жүргізілетіндігін айтты.

»Бағдарлама мемлекеттік бюджет және жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылатын болады. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру кезеңінде көмірсутегін барлауға шамамен 680 млрд теңге, қатты пайдалы қазбаларды барлауға 100 млрд теңге инвестиция тарту болжануда«, - деді Мағзұм Мырзағалиев.


Жоғары қарай