Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстан мен Бельгия ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

2021 жылдың 20 мамыр 2021 19:38

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстанның Бельгияда тағайындалған Елшісі Марғұлан Баймұхан Бельгия Корольдігі Сыртқы істер министрлігі Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Орталық Азия департаментінің директоры Люк Либаутпен кездесті.

Жүздесу барысында тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы Қазақстан-Бельгия ынтымақтастығының қазіргі ахуалы мен перспективаларын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «тыңдайтын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Қазақстанда жүргізілген саяси реформаларды талқылау сұхбаттың жеке тақырыбы болды.

Л.Либаут Мемлекет басшысы ұсынған жаңашылдықтарға оң баға берді.

Экономикалық дипломатия аясында сұхбаттасушылар ауылшаруашылық және жеңіл өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Сондай-ақ, тараптар бельгиялық AWEX және FIT инвестициялық агенттіктерінің қолдауымен 2021 жылдың күзінде жоспарланған бельгиялық кәсіпорындардың Қазақстанға сапары туралы айтты.

Вакцина жасау саласындағы ынтымақтастық шеңберінде дипломаттар Қазақстан мен Бельгиядағы халыққа егу тәжірибесімен бөлісті. М.Баймұхан бельгиялық әріптеске қазақстандық «QazVac» вакцинасы туралы ақпаратты ұсынды.

Көпжақты ынтымақтастық шеңберінде ЕО мен ЕҚЫҰ аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ 2021 жылы 10 мамырда Брюссельде өткен «Қазақстан Республикасы - Еуропалық Одақ» Ынтымақтастық Кеңесінің 18-ші отырысының нәтижелері талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан-Бельгия қатынастарын әр түрлі бағытта дамыту туралы уағдаласты, сонымен қатар екі ел арасындағы өзара іс-қимылды арттырудың бірлескен жоспарларын белгіледі.

2005-2020 жылдарда Бельгияның Қазақстан экономикасына салған инвестициясының көлемі 8,9 млрд. АҚШ долларын құрады. 2020 жылы Қазақстан мен Бельгия арасындағы сауда көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 8%-ға төмендеп, 322 млн. АҚШ долларын құрады.

Қазақстанда Бельгия капиталының қатысуымен 75 компания тіркелген, олар жаңартылатын энергия көздері, химиялық өнімдер өндірісі, онкологиялық клиникаларға медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету саласында бірқатар жобаларды жүзеге асырады.





Жоғары қарай