Ауа райы
Астана 13 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қазақстан ОПЕК+ келісімінің талаптарын орындайды

2020 жылдың 18 мамыр 2020 17:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан ОПЕК+ келісімінің талаптарын сақтайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемдік мұнай нарығында тұрақтылықты және мұнай бағасын қалпына келтіру үшін ОПЕК+ келісіміне қатысушы мемлекеттер өндіруді қысқарту туралы келісімге келді.

Оның атап өтуінше, 2020 жылғы мамыр-маусымда елдер жиынтық өндіруді тәулігіне 9,7 млн баррельге немесе бастапқы деңгейге қатысты 23 пайызға қысқартады. Содан кейін 2020 жылғы шілде-желтоқсан айларында бұл шектеу тәулігіне 7,7 млн баррель немесе базалық деңгейден 18%-ды, ал 2021 жылғы қаңтардан бастап 2022 жылғы сәуірге дейін шектеу көлемі базалық деңгейден 14%-ды құрайды.

«Нарықтың барлық қатысушылары аталған шешімге түсіністікпен қарады. Осы қадамдар мұнай индустриясының дамуына оң серпін береді деп күтілуде. Қазақстан тарапы мамыр-маусым айларында ірі және шағын кен орындары бойынша мұнай өндіруді шектеу туралы шешімді қабылдады», - деді Ә. Мағауов.

Айта кетейік, осы келісім бойынша Қазақстанның міндеттемелері тәулігіне 390 мың баррельді құрайды.

ОПЕК+ келісімі мұнай қоймаларының толып кетуін болдырмау үшін қажет. Өйткені ОПЕК коронавирус пандемиясы салдарынан мұнайға әлемдік сұраныстың төмендеуі болжамын нашарлатты.


Жоғары қарай