Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстан Президенті ДСҰ ассамблеясының сессиясында видео үндеу жасады

2021 жылдың 31 мамыр 2021 20:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 74-ші сессиясының жабылуында видео үндеу жасады, деп хабарлайды Ақорда.

24 мамыр мен 1 маусым аралығында өтіп жатқан шараға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше 194 мемлекеттің делегаттары қатысып жатыр. Сессияның негізгі тақырыбы – «Қазіргі пандемияның аяқталуы және алдағы індеттердің алдын алу: тиімді, қауіпсіз әрі бейбіт әлемді бірлесіп құру».

Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының сессиясы бүкіл әлем 1,5 жылдан бері коронавируспен күресіп жатқан аса күрделі кезеңде өтіп отырғанына тоқталды. Президенттің айтуынша, коронавирус ұлттық денсаулық сақтау жүйелері мен көпжақты институттар үшін теңдессіз сынақ болды.

«Ғаламдық дағдарыс кезінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы барлық мүше мемлекеттермен белсенді қарым-қатынас жасады. Ұйым өзінің біліктілігімен, бастамашылдығымен, мол тәжірибесімен дамушы және дамыған елдердің індетке қарсы күресіне басшылық етті. Ол ғалымдардың ғылыми жаңалықтар ашуына ұйытқы болды. Сонымен қатар мұқтаж жандар үшін қажетті ресурстарды жұмылдыруды шұғыл ұйымдастырды», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ассамблеяның қазіргі қызметі жасампаздық пен ұжымдық жауапкершілікке негізделген болашақ бағыт-бағдарымызды айқындауға жақсы мүмкіндік береді.

Президент кешегі мен бүгінгінің ауыр сынақтарынан сабақ алып, ДДСҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесустің ұсынысын толық қолдайтынын айтты. Бұл ұсыныстар ДДСҰ-ны реформалауға және оны қуатты, тиімді әрі қаржылық тұрғыдан дербес халықаралық деңгейдегі ұйым ретінде трансформациялауға бағытталған.

Мемлекет басшысы өз үндеуінде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің маңыздылығына, атап айтқанда, 2018 жылғы Астана декларациясын ілгерілетуге назар аударды.

Президенттің пікірінше, пандемия алғашқы медициналық-санитарлық көмектің кез келген жұқпалы ауруға тиімді төтеп беретін негізгі тетік бола алатынын айқын көрсетіп берді. Осы ретте Мемлекет басшысы ДДСҰ-мен бірлесіп ұйымның Алматы қаласындағы Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі аймақтық бюросын күшейтуге ниетті екенін жеткізді.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ДДСҰ мақсаттары мен қағидаттарын сөзсіз қолдайтынын тағы бір мәрте нақтылады.


Жоғары қарай