Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл: Білім саласында қандай жетістік бар

2021 жылдың 12 қыркүйек 2021 12:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тәуелсіздік жылдары ішінде еліміздің білім моделі түрлі өзгеріске ұшырағаны белгілі. Осыған орай аталған саладағы маңызды жетістерді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтар болсақ, осы жылдардың ішінде ұлттық білім моделі қалыптасты. Ол адами ресурстар дайындығы сапасын арттыруға, жеке тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталды. Сол себепті бұл салада толыққан нормативтік-құқықтық база қалыптастырылды. «Білім туралы», «Жоғары білім туралы», «Ғылым туралы», «Қазақстан Республикасындағы бала құқығы туралы», «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы», «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерциаландыру туралы», «Педагог мәртебесі туралы» және басқа да Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

Білім беру жүйесін дамытуға бағытталған 1997-2002 жылдарға арналған Орта білім беру жүйесін ақпараттандыру мемлекеттік бағдарламасы, «Білім» мемлекеттік бағдарламасы, 2005-2010 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы Білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасы, 2008-2012 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасы, 2011-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы Білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасы, 2016-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы Білім және ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы іске асырылды. 2019 жылы 2020-2025 жылдарға арналған Білім және ғылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.

Еліміздің білім беру жүйесіндегі шынайы жағдайды түрлі халықаралық рейтингтегі көрсетіштер нақты көрсете алады. Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдан-ақ беделді халықаралық рейтингтерге тұрақты түрде қатысып келеді. Ал бұл жайт елдің әлеуметтік-экономикалық саясатының ашықтығын дәлелдей түседі.

Нақты айтар болсақ, еліміз Адами даму индексінде соңғы10 жылдың ішінде 16 пайызға жоғарылап, адами капиталы өте жоғары елдердің тобына қосылды. Қазақстан 2009 жылдан бері IMD рейтингіне де тұрақты қатысып келеді. «Білім беру» субфакторы бойынша еліміз 2009 жылғы 43-орыннан өз позициясын біршама жақсартып, 2019 жылы 26-орынға көтерілді. Бүкіләлемдік экономикалық форумның Бәсекеге қабілеттілік жаһандық индексінің рейтингінде Қазақстан 2019 жылдың ішінде позициясын 4 тармаққа жақсартып, 59-шы орыннан 55-ші орынға көтерілді.

Еліміздегі ғылымның дамуында да оң өзгерістер анық байқалады. Қазақстанда ғылым саласы 2011 жылы қабылданған «Ғылым туралы» және 2015 жылғы «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерциаландыру туралы» заңдарға сай жүзеге асырылып келе жатыр.

1990 жылдары елімізде 289 ғылыми мекеме болды. Оларда негізінен ғылыми-техникалық қызметпен айналысатын 50,6 мың адам жұмыс істеді. Ал бүгінде ғылыми зерттеулермен және әзірлемелермен 384 ұйым айналысады. Оған 22 378 адам, оның ішінде 17 454 маман-зерттеуші жұмылдырылған. Бүгінде ғылымға бетбұрған жастардың саны да артып келеді. Нақты айтар болсақ, 2011 жылы 35 жасқа дейінгі жас ғалымдардың саны 6,4 мың болса, өткен жылы олардың саны 8,1 мыңға жетті.

«Ғылым туралы» ҚР заңы жүзеге асырыла бастаған сәттен бері аталған жүйеде негізгі құрылым жұмысы қалыптастырылды. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Жоғарғы ғылыми-техникалық комиссия, Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама, Ұлттық ғылыми кеңес бар. Олардың құрамына ғалымдар, сарапшылар, өндіріс пен бизнес құрылымдардың өкілдері кіреді. Ғылымды басқарудың жаңа моделі мен ғылымды қаржыландырудың жаңа тетігі (базалық, гранттық, бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру) жұмыс істейді.

2017 жылы гранттық қаржыландыру арқылы 1 547 ғылыми жоба және 2015-2017 жылдарға арналған бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру бойынша 95 ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарлама жүзеге асырылды. Жүзеге асырылған жобалардың 35 пайызын жас ғалымдар (7 413 адам) әзірледі. Ал зерттеу топтарының құрамында шетелдік 716 ғалым болды. Отандық ғалымдар 201 патент және 21 авторлық куәлік алды. 86 әзірлеме қолданысқа енгізілді.

Ғылымды регламенттейтін нормативтік-құқықтық база күшейтілді. Оның ішінде ғылымды қаржыландыру, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізу ережелері, Ұлттық ғылыми кеңес тәртібі мен құрамы қайта қаралды. Нормативтік-құқықтық актілерде жобаларды гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру бойынша қабылданатын шешімдердің ашықтығы арттырылды. Жобаларды іріктеудің нақты критерийлері айқындалды. Сұралып отырған қаржы көлемінің негіздігін бағалау, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама баллын және Ұлттық ғылыми кеңес баллын жинақтау, жобаларды бекіту және қаржыландыру үшін жиынтық балл бойынша оларды саралау енгізілді.

2015 жылдың желтоқсанында алғаш рет Мемлекет басшысы Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттік сыйлығымен 40 лауреатты марапаттады. 2019 жылы сыйлық 29, ал 2020 жылы 15 лауреатқа табыстылды. Жалпы, елімізде жыл сайын 6 атаулы сыйлық және 75 мемлекеттік ғылыми стипендия, оның ішінде талантты жас ғалымдарға арналған 50 стипендия беріледі.

ҚР Білім және ғылыми министрлігі жанынан Жас ғалымдар кеңесі құрылған. Жас ғалымдар үшін алғаш рет 2020-2022 жылдары ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыруға арналған конкурс өткізіліп жатыр. 2019 жылдан бастап еліміздегі барлық университеттерде Технологияларды коммерциализациялау кеңесі/Технологиялар трансферті кеңсесіне арналған гранттар бөлу аясында Технологиялар трансферті кеңсесінің шамамен 1 500 ғалымы мен қызметкерлерін оқыту басталды.

Қазақстан ғалымдарының халықаралық рейтингтік басылымдарда жарияланым жариялау белсенділігінің де айтарлықтай арта түскені байқалады. Бүгінде Scopus міліметтер базасындағы қазақстандық ғалымдар жарияланымдарының жалпы саны 2011 жылғы 577 мақаладан 34 есеге артып, 19 879-ға, ал Web of Science мәліметтер базасында 59 есе ұлғайып 425-тен 25 088 мақалаға жетіп отыр. Соңғы 5 жылдың ішінде қазақстандық ғалымдардың әрбір бесінші жарияланымы әлемнің ғылыми журналдарының топ-25 пайызына еніп келеді. Ал 2019 жылы 7 қазақстандық өздерінің пәндік саласы бойынша әлемде жұмысы ең көп дәйексөз келтірілген 1 пайыз ғалымдардың қатарына кірді.


Жоғары қарай